Әділет министрі Ерлан Сәрсембаевтың айтуынша, 1-тарауда Қазақстан Республикасы Президентінің мәртебесі айқындалады.
2-тарауда Конституцияға сәйкес Президенттің өкілеттіктері белгіленген. 3-тарауда Вице-Президентті тағайындау тәртібі белгіленеді – оны Құрылтайдың келісімімен Президент тағайындайтын болады. 4-тарауда Конституцияда көзделген жағдайларда (Құрылтай өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылып, оның уақытша болмауы кезеңінде) конституциялық заң не заң күші бар жарлықтар шығару мүмкіндігі қарастырылған. 5-тарауда ұсынылып отырған өзгерістер жоғары мемлекеттік биліктің институционалдық тұрақтылығын және мемлекеттік басқару жүйесінің тұтастай үйлесімділігін қамтамасыз етуге бағытталған. 6 және 7-тараулар Президент қызметін қамтамасыз ету және экс-президенттердің мәртебесіне қатысты мәселелерді реттейді. Олардың нормалары жаңа Конституцияға сәйкес нақтыланып, сәйкестендірілген.
- Конституциялық заңның қабылдануы – президент институтын мемлекетіміздің жаңартылған конституциялық моделіне сәйкес одан әрі жетілдіруге мүмкіндік беретінін атап өткен жөн. Бұл модельге сәйкес Қазақстан Республикасы – әділеттілік, заңдылық және адамға бағдарланған қағидаттарға негізделген мемлекет. Ал оның ең жоғары құндылықтары – адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары, - деді министр.
Айта кетейік, осы уақытта Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтіп жатыр.