Парламент рақымшылық туралы құжатты талқылайды: жазадан кімдер босатылады

АСТАНА. KAZINFORM — Парламент Мәжілісінің қарауына «ҚР жаңа Конституциясын қабылдауға байланысты рақымшылық жасау туралы» заң жобасы мен оған іліспе құжаттар енгізілді.

Фото: Артем Викторов/ Kazinform

Аталған заң жобалары Парламент депутаттарының бастамасымен ұсынылып отыр.

— Бұл құжаттар Республикалық Референдумда жаңа Конституцияның қабылдануына орай Мемлекет басшысының қылмыстық және әкімшілік рақымшылық жасауды жариялауына байланысты әзірленді. Заң жобалары қылмыстық рақымшылық аясында зиян келтіруге әкеп соқпаған немесе оны толық өтеген ауырлығы төмен, сондай-ақ орташа қылмыстық теріс қылықтар мен қылмыстар бойынша жауаптылықтан босату, ал ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша толық өтелген жағдайда мерзімдерді қысқарту ұсынылады, — деді депутат Снежанна Имашева Мәжілістің жалпы отырысында.

Сонымен қатар ол әкімшілік рақымшылық аясында Қазақстан азаматтары саналатын жеке тұлғалар, кәсіпкерлік субъектілер, жеке нотариустар, адвокаттар, қандас мәртебесі барлар және басқа да адамдар осы заң қолданысқа енгізілген күнге орындалмаған әкімшілік айыппұл түрінде салынған жазадан босатылатынын айтты.

— Жалпы, рақымшылық жасау азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндірмейтін құқық бұзуды ізгілендіруге бағытталған, — деді Снежанна Имашева.

Бұған дейін хабарланғандай, Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов еліміздегі қылмысты рақымшылықтың алдын ала әдістері әзірленгенін айтты.