Парламент реформасы мен бизнес құқықтарын қорғау Конституцияда бекітіледі – Азат Перуашев

Фото: видеодан алынған скрин

АСТАНА. KAZINFORM – Конституция жобасы – кең ауқымды қоғамдық талқылаудың нәтижесі. Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев жаңа реформаны осылай бағалады.

Мәжілісменнің айтуынша, ұсынылып отырған өзгерістер кәсіби бір палаталы Парламентке көшуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар олар бизнес құқықтарын қорғауды күшейтіп, қоғамдық өкілдікті кеңейтуді көздейді. Бұл туралы депутат Jibek Joly телеарнасына берген сұхбатында мәлімдеді.

– Жаңа Конституция жобасы жарияланды. Дайындық мерзімі мен жалпы жұмысына қалай баға бересіз?

– Жоба кемінде алты ай бойы әзірленді. Өткен жылдың 8 қыркүйегінде Президенттің Жолдауынан кейін парламенттік реформа жөніндегі Жұмыс тобы құрылды. Талқылауға саяси партиялар, азаматтық қоғам, бизнес өкілдері мен сарапшылар қауымдастығы қатысты. Тек парламенттік реформа бойынша 600-ден астам, ал конституциялық өзгерістерге қатысты 1600-ден аса ұсыныс түсті. Бұл – мыңдаған азаматтың ортақ еңбегі.

– Қазір Конституциялық комиссия жұмысы қай кезеңде?

– Комиссия жұмысы жалғасып жатыр. Құжаттың жалпы бағыты айқындалды, алайда түпкілікті шешімді халық референдум арқылы қабылдайды. Талқылау әлі де жүріп жатыр, жаңа ұсыныстар да тоқтап жатқан жоқ. Бұл – қалыпты демократиялық жағдай.

– Жобаның мақсаты бір палаталы парламентке және пропорционалды сайлау жүйесіне көшу. Мұның маңызы неде?

– Партиялық тізім бойынша сайлау саяси партиялардың рөлін арттырып, кәсіби парламент қалыптастыруға мүмкіндік береді. Маңызды шешімдер қабылдау үшін көпшілік қажет, ал ол тек ортақ көзқарастағы команда арқылы жүзеге асады. Пропорционалды жүйе жеке пікір білдірумен шектелмей, нақты нәтиже үшін жұмыс істеуге жол ашады.

– Жобада жеке меншік пен бизнес құқықтарын қорғауға ерекше назар аударылған. Бұл не үшін маңызды?

– Жеке меншікке, коммерциялық және банк құпиясына ешкім қол сұқпаса, бизнестің сенімі арттырып, инвестициялық ахуалды жақсартады. Конституция нормалары тікелей қолданылуы тиіс. Сонда азаматтар өз құқықтарын қосымша нормативтік актілерге сүйенбей-ақ, тікелей Негізгі заңға сүйене отырып қорғай алады.

– Цифрландыру мен дербес деректерді қорғау мәселелері қарастырылған ба?

– Иә. Цифрландыру жаңа мүмкіндіктермен қатар қауіп-қатерлерді де алып келеді. Сондықтан жеке деректерді және цифрлық құқықтарды қорғау мәселесі Конституцияда бекітілді. Бұл бастаманы біздің партиямыз да көтерді.

– Жалпы алғанда Конституция жобасына қандай баға бересіз?

– Мен жобаны оң бағалаймын және ауқымды ұжымдық еңбекке құрметпен қараймын. Құжат саяси жүйені ашық әрі икемді етеді, қоғамдық мүдделердің өкілдігін күшейтеді және мемлекеттің заманауи сын-қатерлерге жедел жауап беруіне мүмкіндік береді.

– Конституция қоғамдық өкілдіктің қандай жаңа тетіктерін ұсынады?

– Алғаш рет жоғары консультативтік орган ретінде Халық Кеңесі енгізіледі. Оның құрамына ұлттық-мәдени бірлестіктердің 42 өкілі, сондай-ақ азаматтық қоғам мен өңірлердің көшбасшылары кіреді деп жоспарланған. Кеңеске заңнамалық бастама құқығы беріледі. Бұл – мемлекетті қоғамға жақындата түсетін маңызды құрылымдық жаңалық.

– Жаңа Конституция ел болашағына қалай әсер етеді деп ойлайсыз?

– Біз азаматтар өз болашағын өздері айқындайтын жаңа саяси кезеңге қадам басып отырмыз. Алайда Конституцияны қабылдау жеткіліксіз, оның нормаларын іс жүзінде жүйелі әрі адал жүзеге асыру аса маңызды.

Айта кетейік, Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі Жақсыбек Құлекеев осы күнге дейін Конституцияда ғылым, білім, инновация сөздері жазылмағанын айтты.