Парламент салықтық амнистияға бағытталған заңды қабылдады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екі оқылымда талқылап, қабылдады. Енді құжат Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.

Парламент қабылдаған заңның мақсаты жағымды кәсіпкерлік ортаны және елдің одан әрі тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін қолайлы жағдай жасау болып табылады.

«Бизнесті дамыту және оның ауқымын кеңейту мақсатында 2014 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша салық төлеушілердің жеке шоттарында есепте тұрған және 2014 жылдың 1 қазандағы жағдай бойынша төленбеген өсімпұлдардың сомаларын есептен шығару, өсімпұл мен айыппұлдардан босату арқылы салықтық амнистия жүргізу ұсынылады. Бұл ретте салықтық амнистия республикалық мониторингте тұрған ірі салық төлеушілерге, сондай-ақ жер қойнауын пайдалану, ойын бизнесі және акцизделетін тауарларды өндіру саласында қызмет ететін салық төлеушілерге таралмайды»,- деді Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев.

Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы тауарларын ынталандыру және агроөнеркәсіптік кешенді дамыту үшін бірқатар нормалар қарастырылып отыр. «Біріншіден, дайындау ұйымдары өз өнімдерін сатқан кезде қосалқы жеке шаруашылықтың табысына бір жылдық жалақы мөлшерінің 24 еселенген ең төменгі мөлшері шегіндегі жеке табыс салығын төлуден босатылады. Бұл норма үш жылға енгізіледі. Екіншіден, қосылған құн салығын төлемейтін қосалқы жеке шаруашылықтар мен шаруа қожалықтары ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алған кезде қосылған құн салығы субсидияланады. Бұл 2020 жылға дейінгі мерзімге енгізіледі. Үшіншіден, жер учаскелерін ұтымды пайдалану мақсатында шаруа қожалықтарын қоршаған ортаға эмиссиядан босата отырып, бірыңғай жер салығының мөлшерлемесін 1,5 есеге, ал арнайы ауыл шаруашылығының тауар өндіруші заңды тұлғалар үшін жер салығының ставкасын 5 есеге арттыру көзделеді», - деді Е. Досаев.

Бұдан бөлек, ЭКСПО көрмесін өткізу мақсатында 2017 жылға дейін ЭКСПО-ны ұйымдастыру мен өткізу бойынша қызметті жүзеге асыратын заңды тұлғаларға салық салу объектілерін жалға беру кезінде жер салығын және мүлік салығынан босату көзделеді. «Метрополитен» мемлекеттік кәсіпорны да мүлік салығын төлеуден босатылады.