«Парламент сайлауын жедел өткізуге ешқандай негіз жоқ»- республикалық қазақ басылымдарына шолу

АСТАНА. Тамыздың 13-і. ҚазАқпарат/ Қазақ ақпарат агенттігі қазақ баспасөзінде тамыздың 13-і,  бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

«Әр елдің тарихымен танысу - таусылмас қазына». «Нұр Астана» апталығы осы тақырыппен Шигеру Сато есімді жапондық жиһанкездің сұхбатын жариялады. Мотоциклмен ел аралап жүрген жапондық жас жиһанкез   апталық тілшісімен әңгімесінде Қазақстанға келгендегі алғашқы әсерлерімен бөлісіп, осындай ұзақ саяхатқа не үшін шыққанын, қандай елдерді басып өткенін айтқан.

«... Қала маған ұнады.  Өте әдемі екен. Тазалығы да ерекше», - дейді Шигеру Сато Астананы көргендегі алғашқы әсерімен бөлісіп.

  

 

Ал «Ел көшбасшы жастардың келешегінен үмітті» тақырыбен берілгеносы басылымдағы келесі көлемді материалда  Бурабайда өткен «Жас Отан» көшбасшыларының жазғы саяси лагерінде көпшіліктің талқысына түскен мәселелер назарға тартылып, жастардың ой -пікірлері жарияланған.

  

  

«Нұр Астана» апталығы сондай-ақ «Көктем» десе, күлетін болдық» деген тақырыппен қоғамның жанды жараларының бірі - жезөкшелік мәселесіне де назар аударады. Журналист құқық қорғау қызметкерлерімен бірге түнгі рейдке шығып, қаланың жеңіл жүрістілер шоғырланған бөліктеріндегі үйлерде тұратын, ұл-қыз өсіріп, бала тәрбиелеп отырған ата-аналардың проблемасын көтереді. 

***

«...биылғы оқу жылында орта мектептерде оқытылуы тиіс дінтану пәні жайында көмескі дүниелер баршылық. Олай деуге негіз болып отырған дүние -Білім және ғылым министрлігінен бастап, орта білім беруге қатысты салалық мекемелерге ек күн күні-түні хабарласып, көкейде жүрген сұрақтарға жауап ала алмадық», - деп жазады  «Астана ақшамы» газеті. Аталған басылым  «Шәкірттерге шариғат үйретеміз бе, әлде...»  тақырыбымен берілген осы мақалада биылғы оқу жылынан бастап, мектептерде дінтану пәні оқытылатыны жақсы жаңалық екенін айтап отырып, мұның бағыт-бағдары мен оқытушы мұғалімдерінің қандай болатыны, олардың түрлі жат пиғылды ағымдардың ықпалынан таза болуы мәселелеріне назар аударған.

«Астана ақшамы» газеті сондай-ақ екінші бетін қала тұрғындарын қызықтыратын мәселелерге арнап, «Әлеумет сауалы- әкім жауабы» тақырыбымен елорда жұртшылығын мазалайтын сауалдарға әкім Иманғали Тасмағамбетовтың жауаптарын берген.

 

***

«Парламент сайлауын жедел өткізуге ешқандай негіз жоқ». Осы тақырыппен «Айқын» басылымы «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының бірінші орынбасары Дархан Кәлетаев «2012 жылғы Парламент Мәжілісінің сайлауы мерзімінен бұрын өтеді» деген алыпқашпа әңгімені жоққа шығарғанын» жазады.  

Басылымның осы нөмірінде сондай-ақ оқырман дипломатия әлеміндегі қызықты ғұрыптар турасында ҚР Сыртқы істер министрлігінің Мемлекеттік протокол қызметінің басшысы Андриан Елемесовтың сұхбатынан оқи алады. «Сән әлемі сыртқы саясатты өз дегеніне бағындырады» деген тақырыппен берілген сұхбатта А. Елемесов Еуропа мен Азия елдеріндегі дипломатиялық рәсімдерде кездесетін өзгешелеіктер мен қызықты сәттер турасында әңгімелейді.