Бұл туралы бүгін Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұловпен болған кездесуінде Тәуелсіз мемлекеттер достастығы ұйымына мүше мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясы кеңесінің Бас хатшысы Михаил Кротов айтты.
Жиын барысында ОСК төрағасы Парламенттік Ассамблея атынан келген делегация өкілдерін Сенат депутаттарының сайлауына дайындық барысымен таныстырды.
Бас хатшының айтуынша, Қазақстанда Сенат депутаттары сайлауының барысын бақылау үшін байқаушыларға барлық мүмкіндіктер жасалған. «Осыған қарай біздің айтарымыз, сайлаудың не болатынын ертең сайлау күні көре жатармыз. Ал әзірге сайлауға дайындық толық заң аясында, барлық талаптарға сай өтіп жатыр. Бүгін біз Қазақстанның 4 аймағындағы жағдайға мониторинг жүргіздік. Жалпы біз барлығы 7 аймақты қамтысақ деген ойдамыз. Осыған қарай біздің миссиямыздың өкілдері республиканың өзге аймақтарын аралауда»,-деді Ассамблея басшысы.
Оның сөзінше, Сенат депутаттарының сайлауы өте маңызды әрі қызық шара. Әзірге ол белгіленген тәртіп бойынша жалғасуда. «Бұл бағыттағы жұмыстар өзге елдерге де үлгі болады деп білемін»,-деді Бас хатшы.