Парламент Сенаты ЕҚЫҰ-ға төрағалық үдерісіне белсенді түрде атсалысатын болады - Сенат аппаратының басшысы

АСТАНА. Желтоқсанның 28-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -  Парламент Сенаты ЕҚЫҰ-ға төрағалық үдерісіне белсенді түрде атсалысатын болады. Бүгін ағымдағы жыл ішінде Парламент Сенатының атқарған жұмыстарын қорытындылауға арналған баспасөз мәслихатында Сенат аппаратының басшысы Мұрат Нұртілеуов осылай мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

    «Келесі жылы Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі еліміз үшін аса маңызды шаралардың бірі болады деп ойлаймын. Осы беделді ұйымға төрағалық ету барысында еліміздің халықаралық және ішкі саяси жағдайына қатысты ауқымды шаралары да жоспарлануда. Бұл ретте Парламент Сенаты ЕҚЫҰ-ға басшылық ету үдерісіне белсенді араласатын болады. Палата Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев ЕҚЫҰ Парламенттік ассамблеясының вице-президенті болып табылады. Соған байланысты алдағы жылы Қазақстан ЕҚЫҰ ПА-ның төрт сессиясына белсенді араласатын болады», деді М. Нұртілеуов.

Аппарат басшысының айтуынша, келесі жылдың мамыр айында  Алматы қаласында ТрансАзиялық форум өткізу жоспарлануда. Бұл айтулы шараға ЕҚЫҰ әріптес мемлекеттер өкілдері, Орталықазиялық мемлекеттер өкілдері, Қытай, Үндістан елдерінен делегациялар қатысады деп күтілуде.