Парламент Сенаты төрағасының орынбасары Мұхамбет Көпей мектеп оқушыларымен кездесті

АСТАНА. 10 қараша. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Парламент Сенаты төрағасының орынбасары Мұхамбет Көпей Солтүстік Қазақстан облысының Шал ақын ауданындағы «Жалтыр» мектебінің оқушыларымен кездесті.

Кездесу барысында Сенат төрағасының орынбасары оқушыларға елорданың қалыптасу жылдары мен ондағы мәдениет нысандары, тарихи ескерткіштер жөнінде әңгімеледі. «Елордамыздың сәулетшісі де қамқоршысы да - Елбасы. Елімізге шет мемлекеттерден келіп жататын қонақтар Астананың көркі осыдан он жыл бұрынғымен тіпті салыстыруға келмейтіндігін жиі айтады. Ал осындай жерге арнайы келіп отырған сіздер үшін бұл - үлкен мәртебе. Сіздерге мұндай сый-құрметтің көрсетілу себебі - сіздер еліміз үміт артып отырған болашақ ұрпақсыздар», деді сенатор.

Сондай-ақ ол балаларды еліміздің білім беру саласы бойынша жүргізіліп отырған саясаттан жан-жақты хабардар етіп, ондағы соны жаңалықтармен таныстырды. Бұған қоса сенатор оларға заң шығарушы органның қызметі жөнінде де қысқаша мәлімет берді.

Өз кезегінде оқушылар Сенат төрағасының орынбасарына өздерін толғандырған сауалдарын жолдады. Осыған қарай сенатор да балаларға өзінің мектепте оқыған жылдарынан бастап, бүгінгі қызметіне келгенге дейінгі өмірі жөнінде қызықты да тағлымды әңгіме өрбітті.

Кездесу соңында оқушылар өздерінің Қазақстанның ерекше ұрпағы, себебі өздерінің тәуелсіз, еркін елде туып-өскен бақытты ұрпақ және егемен еліміздің ертеңі екендіктерін мақтанышпен айтты. Сондай-ақ олар өздерінің елі мен жерін, Президентін құрметтеп, сыйлайтындығын жеткізіп тарасты. Кездесу барысында «Жалтыр» мектебі мен ондағы білім беру үдерісіне және мектеп өміріне қатысты қызықты деректер негізінде қысқаша фильм көрсетілді.