Парламент Сенатында Ермек Жұмабаевтың төрағалық етуімен «Өңір» депутаттық тобының отырысы болды

None
АСТАНА. Желтоқсанның 21-і. ҚазАқпарат. Бүгін Парламент Сенатында Ермек Жұмабаевтың төрағалық етуімен «Өңір» депутаттық тобының отырысы болды,

деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.

Отырыс барысында депутаттық топ жұмысының жоспарына сәйкес облыстар мен республика қалалары мәслихаттарының қызмет тәжірибесін зерделеу жөніндегі егжей-тегжейлі әзірленген материалды талқылады.

Отырысты ашқан топ жетекшісі Е.Жұмабаев бұл талдаудың мақсаты  жергілікті өкілді органдардың тәжірибесі мен олардың конституциялық өкілеттіктерін жүзеге асыру барысында  пайда болатын құқықтық ережелерді қолданудың өткір мәселелерін зерделеу, сондай-ақ құқықтық ережелермен реттелмеген олқылықтарды табу болып табылатынын атап өтті.

Талқылау барысында топ мүшелері тарапынан соңғы кездерде мемлекет құрылысындағы мәслихаттардың рөлі мен орнына зор көңіл бөлініп келе жатқаны айтылды. Өздерінің конституциялық өкілеттіктерін пайдалана отырып олар жергілікті жерлердегі мемлекеттік саясатты жүзеге асырып келеді, орталық пен ел аймақтары арасын байланыстыра отырып, қалалар мен аудандардағы әлеуметтік-экономикалық үдерістерге нақты ықпал етуде.

Мәслихаттардың, тұрақты және тексеруші комиссиялардың, депутаттық бірлестіктердің қызметін ұйымдастырудағы өзекті мәселелер бойынша «Өңір» депутаттық тобының мүшелері Жұмабек Төрегелдинов, Нұрлығайым Жолдасбаева, Бақберген Досманбетов, Серік Ақылбай, Қайсар Омаров, Қуаныш Айтаханов және басқалар пікір алмасты. Сенатор Тасбай Симамбаев мәслихаттармен өзара  іс-қимыл жұмыстары жөніндегі тәжірибесі туралы ойларын ортаға салды.

Егжей-тегжейлі әзірленген талдамалық құжаттарды талқылауға Сенат Төрағасының орынбасары Александр Судьин де қатысты. Ол депутаттық топ атқарған жұмыстардың маңызы зор екенін және жергілікті өкілді органдардың іс жүзіндегі жұмыстарын жетілдіру үшін бұл талдаудың пайдалылығын атап өтті.