Парламент Сенатының «Өңір» депутаттық тобының веб‑парағы ашылды

АСТАНА. Наурыздың 10-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ ‑ Парламент Сенатының «Өңір» депутаттық тобының веб‑парағы ашылды. Бұл туралы аталған топ жетекшісі сенатор Ермек Жұмабаев мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Республика өңірлерімен қабаттасқан байланысты одан әрі жақсарту мақсатында «Өңір» депутаттық тобы Интернет желісінде өз парағын ашуды қолға алатын болды. Депутаттық топтың веб‑парағы Парламенттің сайтында орналасқан. Веб‑парақ арқылы топтың ережесі, жылдық жоспары, жарияланған депутаттық сауалдары мен қабылданған құжаттары, өткізілген отырыстары, сондай‑ақ мәслихаттарға жіберілген заң жобаларымен танысуға болады», деді депутаттық топ жетекшісі Ермек Жұмабаев.

Веб‑парақ бірнеше бөлімнен тұрады. Онда топтың құрамы туралы ақпараттар да қамтылып отыр. Тоқтала кететін жайт, депутаттық топ отыз сенатордан тұрады. Веб‑парақта сондай‑ақ ағымдағы жылдың жұмыс жоспары туралы мәліметтер тізімі беріледі. Фотогалерея, отырыс стенограммалары да жарияланатыны жоспарланған.