Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламентте тіркелген журналистерді кәсіби мересімен құттықтады

None
АСТАНА. Маусымның 24-і. ҚазАқпарат - Баспасөз, радио және теледидар күні қарсаңында Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламентте тіркелген журналистерді кәсіби мересімен құттықтады.

Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арнаған сөзінде Қ.Тоқаев бұл мереке тек баспасөз өкілдері ғана емес, оқырмандар мен телекөрермендер қауымы үшін де маңызды екенін атап өтті.

«Бұқаралық ақпарат құралдары қоғам өмірінің жариялылығы мен ашықтығын қамтамасыз етеді, қоғамның көңіл-күйін айқындайды. Халық баспасөзге шын сенеді, оған құлақ асады»,-деді төраға.

Еліміздегі жүргізіліп жатқан реформалардың табысты жүзеге асуында ақпарат құралдарының маңызды рөлін атап өте келіп Қ.Тоқаев биік мақсаттарға қол жеткізуде Қазақстан халқының бірлігін нығайтудағы, біздің еліміздің әлемдік аренадағы беделінің арта түсуіне олардың үлесін жоғары бағалады.

«Ақиқатын айтар болсам, бүгінгі қазақстандық журналистиканың деңгейі аса жоғары, біздің қарымды қаламгерлер өздерінің шетелдік әріптестерінен артта қалған емес»,-деп атап өтті төраға.

Парламенттік тілшілерге қатысты төраға «мемлекеттік органдар жүйесіндегі биліктің заң шығару тармағының рөлі туралы нақты және толық ақпараттың берілуі - азаматтардың құқықтық мәдениетінің арта түсуіне, тұтас алғанда - парламентаризм институтының дамуына ықпал етеді», деді.