Парламент сотқа дейінгі іс жүргізу мәселелерін қамтыған заңды қабылдады

АСТАНА. Қарашаның 12-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ ‑ Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексіне сотқа дейінгі жеңілдетілген іс жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына байланысты  келіспеушіліктерді еңсеру жөніндегі келісім комиссиясының ұсыныстарын талқылап, құжатты қабылдады,

  деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Аталған құжат қылмыстық істен күдікті азаматқа қатысты нақты айғақтары бар аса ауыр емес қылмыстар бойынша іс жүргізудің сотқа дейінгі рәсімін оңайлатуға бағытталған. Қазіргі таңда алдын ала анықтау мен тергеу барлық қылмыстарға қатысты жүргізіледі. Өйткені қолданыстағы тергеу рәсімі кеңестік жүйенің тәртібін сақтап қалған. Соның салдарынан қазір қылмыстық үдеріске қатысушы азаматтар ішкі істер және өзге де органдарға бірнеше рет шақырылады және оларға қатысты көптеген тергеу әрекеттері жүргізіледі. Учаскелік инспекторлар мен тергеушілер, анықтаушылар одан соң сот өкілдері барлығы да жауап алады. Нәтижесінде жеңіл қылмыстық іске қатысты күдікті өзінің кінәсін мойындап, қажетті деректер жеткілікті болса да бірнеше ай бойы тергеледі.

 Осыған орай, жаңа заң жобасында аса ауыр емес қылмыстар бойынша тиісті материалдар соттың қарауына айналасы 10 күннің шамасында жіберіледі. Ал сот өз кезегінде прокурор мен адвокаттың және басқа да осы үдеріске қатысушылардың араласуымен берілген материалдарды аз ғана уақыт ішінде қарастырып, тиісті азаматтың кінәсі мен жазасын белгілейді. Сөйтіп, бір жағынан ауыр емес қылмыстарды тергеудің мерзімі қысқарып, жемқорлық әрекеттерге тосқауыл қойылады.

Келісім комиссиясы келіспеушіліктер бойынша бірқатар ұсыныстарды бірлескен редакцияда қабылдауды ұсынған болатын. Палата депутаттары аталған шешімді қабылдады.

Заң Мемлекет басшысының қол қоюына жіберіледі.