«Парламент сөзі» сыйлығының биылғы иегерлері белгілі болды
АСТАНА. KAZINF,ORM – Мәжілісте БАҚ қызметкерлеріне арналған «Парламент сөзі» сыйлығының иегерлері марапатталды. Үздіктер қатарында Jibek Joly телеарнасының тілшісі, әріптесіміз Асылбек Тойбеков те бар. Ол «Үздік телевизиялық сюжет үшін» аталымы бойынша жеңімпаз атанып отыр.
Салтанатты жиынды ашқан Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов заң шығару ісіндегі БАҚ-тың рөліне тоқталды.
– Қазір қоғамды журналиссіз елестету мүмкін емес. Халық сіздердің жазған мақалаларыңыз, сюжеттеріңізден еліміздегі және әлемдегі оқиғалардан хабардар болып отырады. Әсіресе, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының саяси-экономикалық реформалары мен ауқымды бастамаларын халыққа дұрыс түсіндіруге мол үлес қосып келесіздер. Соның ішінде Парламентте қабылданып жатқан заңдар сіздер арқылы насихатталып жатыр. Заңды қабылдау бір бөлек, оны халыққа дұрыс жеткізу – ол да негізгі миссияның бірі, – деді ол.
Палата спикері Мәжілісте 700-ден астам БАҚ өкілі аккредиттелгенін айтты. Айтуынша, бұл тізім уақыт өткен сайын ұлғайып келеді.
– Еліміздің одан әрі дамуын мықты бұқаралық ақпарат құралдарынсыз елестету қиын. Сондықтан бүгінде БАҚ-тың жан-жақты дамуына қажетті жағдайдың барлығы жасалуда. Сіздермен бірге біз жаңа салалық заң қабылдадық. Ол журналистердің құқықтарын қорғауды күшейтті. Блогерлер мен басқа да ақпарат көздері бүгінде БАҚ-пен бәсекелесуге тырысып жатыр. Бірақ мемлекет байыпты журналистикаға сұранысты жүйелі түрде қалыптастырып отыр, – деді Ерлан Қошанов.
Айта кету керек, «Парламент сөзі» сыйлығы биыл тоғызыншы жыл өтіп отыр. Осы уақыт ішінде 140-қа жуық адам марапатталған.
Мәжіліс төрағасы биыл байқауға қатысуға 100-ден астам өтінім келіп түскенін атап өтті.
Сонымен 2025 жылғы «Парламент сөзі» сыйлығы иегерлері тізімі мынадай:
- «Үздік баспа жарияланымы үшін» – Зейін Ерғалиева («Егемен Қазақстан» газеті), Владислав Шпаков («Время» газеті);
- «Үздік телевизиялық сюжет үшін» – Асылбек Тойбеков («Жібек жолы» телеарнасы), Мейрамгүл Мәдәлі («Atameken Business» телеарнасы), Әлібек Рзабаев (Еуразия бірінші арнасы, «Парламент Online» бағдарламасы);
- «Үздік бейне-сурет материалы үшін» – Алмас Жулубаев («Астана» телеарнасы);
- «Үздік интернет және радио материалы үшін» – Әйгерім Бақпаева («Baigenews.kz» интернет порталы), Азамат Тлепов (Қазақ радиосы), Әйгерім Тукушева («Kursiv.kz» сайты), Тамара Вааль ( «Vlast.kz» сайты);
- «Арнайы репортаж» – Ирина Әлімжанова (Qazaqstan ұлттық арнасы, «Қос палата» бағдарламасы), Алина Шашкина («Tengrinews.kz» интернет порталы), Дәурен Омаров («Адал адам» youtube арнасы);
- «Парламенттік журналистиканы дамытуға қосқан үлесі үшін» – Еркін Жұматаев («Хабар» агенттігі), Александр Трухачев («КТК» телеарнасы);
- «Парламент сөзі» Арнайы номинациясы – «Азаттық рухы» сайтының және «24KZ» телеарнасының ұжымдары.
Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БАҚ саласы қызметкерлерін марапаттағанын жазған едік.