Парламент ТМД мемлекеттерінің мәдени құндылықтарды ұрлауға қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісімді қабылады

АСТАНА. Наурыздың 11-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Тәуелсіз мемлекеттер достастығына қатысушы мемлекеттердің мәдени құндылықтарды ұрлауға қарсы күрестегі және оларды қайтаруды қамтамасыз етудегі ынтымақтастығы туралы келісімді ратификациялау туралы» ҚР Заңын қабылдады,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. Айтылған келісімнің мақсаты ? ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің мәдени құндылықтарды ұрлауға қарсы күресті қамтамасыз етудегі ынтымақтастығының құқықтық негізін жасау болып табылады. Осы келісімге сәйкес тараптар мәдени құндылықтарды ұрлауға, оларды іздестіруге және қайтаруды қамтамасыз етуге байланысты құқық бұзушылықтардың алдын алуда, жолын кесуде және анықтауда өздерінің құзыретті органдары арқылы ынтымақтастықты жүзеге асырады. Келісім бойынша аталған бағытта тараптардың нормативтік-құқықтық базасын жетілдіру, заңнамаларын үйлестіру, мәдени құндылықтарды ұрлауға байланысты қылмыстың жәй-күйі мен нәтижелеріне талдау жасау шаралары көзделеді. Мәдени құндылықтарды қайтаруды қамтамасыз ету жөнінде құқық қорғау органдарының өзара іс-қимылының тетіктерін жетілдіру мәселесі қарастырылады. Сондай-ақ, келісімге қол қоюшы тараптардың әрқайсысы осындай құндылықтардың жоғалып кетуі, ұрлануы, іздестірілуі туралы, сондай-ақ ұсталған, тәркіленген мәдени құндылықтар жөнінде ақпараттық деректер базасын жүргізуді қамтамасыз етеді. Парламент қабылдаған Заң Мемлекет басшысының қол қоюына жіберіледі.