Парламент Төрағалары Үкіметке заң жобаларының мемлекеттік тілдегі мәтіндерінің сапасын жақсарту мақсатында арнайы сараптамалық топ құру туралы ұсыныс жасады

АСТАНА. 20 наурыз. ҚазАқпарат - Парламент Төрағалары Үкіметке заң жобаларының мемлекеттік тілдегі мәтіндерінің сапасын жақсарту мақсатында арнайы сараптамалық топ құру туралы ұсыныс жасады.

Бұл туралы ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Қайрат Мәми өзінің блогында жазды.

Сенат спикерінің пікірінше, заң жобаларын мемлекеттік тілде әзірлеу сапасын жақсарту мәселесі жөніндегі өтініштердің жиілеуіне байланысты едәуір жұмыстар атқарылып келеді. Мемлекеттік тілдегі заң жобаларының сапасын жақсарту мақсатында еліміздің Әділет министрлігі Заңнама институтының жанында Лингвистика орталығы құрылған болатын. Орталық Үкімет бастамасымен әзірленген заң жобаларына ғылыми-лингвистикалық сараптама жасап, мемлекеттік тілдегі заң жобалары мәтіндерінің жақсаруына оң ықпал етті.

«Сонымен бірге халықаралық келісімдерді ратификациялау туралы заң жобаларын әзірлеу барысында мәтіндерді мемлекеттік тілге аудару кезінде мағыналық, стильдік, редакциялық тұрғыда қателіктер орын алып келеді. Бұл қателіктер халықаралық келісімдердің жобаларын әзірлейтін органдар тарапынан кетеді. Ол қателіктерді жою үшін келісуші жақтардың бірнеше рет нота алмасуы қажеттігін туындатты. Мұндай деректер мемлекеттік тілдің халықаралық аренадағы бет-бейнесіне теріс әсер етеді ден санаймын. Бұл мәселені шешу үшін, сондай-ақ қазақ тіліндегі халықаралық келісімдер мәтіндерінің ерекшеліктерін ескере отырып, Премьер-Министр Кеңсесінің, Парламент Сенаты мен Мәжілісі Аппараттарының қызметкерлерінің қатысуымен арнайы сараптамалық топ құруды жөн санаймын», - дейді Сенат Төрағасы Қайрат Мәми. Аталған ұсынысқа Парламенттің қос палатасының Төрағалары қол қойып, Үкіметке жіберген.