Парламент түркі мемлекеттері арасындағы электронды саудаға арналған құжатты талқылайды

АСТАНА. KAZINFORM — Парламент Мәжілісінің қарауына «Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы цифрлық экономика саласындағы әріптестік туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы енгізілді.

gov.kz

— Аталған келісім 2024 жылғы 6 қарашада Бішкекте жасалған. Келісімнің негізгі мақсаты — Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер арасындағы электронды сауда арқылы ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ келісімге қатысып отырған мемлекеттердің аумақтарында цифрлық экономиканың инклюзивті және тұрақты дамуына жәрдемдесу. Осы орайда Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеуге дайын, — деді депутат Нұртай Сабильянов Мәжілістің жалпы отырысында.

Еске салсақ, 15 мамырда Түркістанда түркі елдері мемлекет басшыларының қатысуымен бейресми саммит өтті. Жасанды интеллект және цифрлық даму» тақырыбына арналған жиын Қазақстанның төрағалығымен ұйымдастырылды. Оның нәтижесі бойынша Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер Түркістан декларациясына қол қойды. Атап айтқанда, осы саммитте Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев маңызды ұсыныстарын жариялады.