Парламент тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған заңды қабылдады

АСТАНА. Қарашаның 19-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ ‑ Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы», сондай-ақ «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдар қабылданды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталған заң Мемлекет басшысының Жарлығымен бекітілген 2006-2016 жылдарға арналған Гендерлік теңдік стратегиясын орындау мақсатында әзірленген. Осыған қатысты Елбасы Қазақстан әйелдерінің 4-ші форумында да тапсырма жүктеген болатын.

«Қазіргі күні қолданыстағы заңнама нормалары адам мен азаматтың отбасылық-құқықтық қатынастар саласындағы конституциялық құқықтарын, бостандықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған, отбасында жасалатын зорлық-зомбылық фактілеріне қарсы іс-қимылдың құқықтық негіздері жоқ. Осыған байланысты құжатта отбасылық-құқықтық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және оның жолын кесудің пәрменді тетігі ұсынылады. Құжат тұрмыстық зорлық-зомбылық барысында туындайтын құқықтық қатынастардың жалпы ережелері мен негізгі ұғымдарын қамтиды», деді Ішкі істер вице-министрі Александр Кулинич.

Оның айтуынша, заңда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимылдағы құқықтық қатынастар субъектілері, мемлекеттік органдардың функциялары мен өкілеттіктері, сондай-ақ зорлық-зомбылықтың алдын алу шаралары көзделеді.