Парламент Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Ұжымдық жедел ден қою күштері туралы келісімін қабылдады

АСТАНА. Ақпанның 4-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ ‑ Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Ұжымдық жедел ден қою күштері туралы келісімді ратификациялау туралы» заңы қабылданды.

Енді құжат Мемлекет басшысының қол қоюына жіберіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталған келісімге 2009 жылдың маусымында Мәскеу қаласында қол қойылған болатын. Келісімнің мақсаты қарулы шабуылдарға, оның ішінде басқыншылыққа тойтарыс беру, мүше мемлекеттердің ұжымдық қауіпсіздігіне басқа да қыр көрсетулер мен қауіп төндірулерге қарсы іс-қимыл жасау үшін күш-жігерді біріктіру болып табылады. Бұл ретте тараптардың коалициялық негізінде Ұжымдық жедел ден қою күштері құрылатын болады. «Бұл күштер Ұйымға мүше мемлекеттердің қауіпсіндігіне туындаған қауіп-қатерге жедел ден қоюға арналады. Олардың басты міндеттері қарулы шабуылдың алдын алу және оған тойтарыс беру, халықаралық терроризмге, есірткі құралдары, қару мен оқ-дәрілердің заңсыз айналымына қарсы күресу, сондай-ақ төтенше жағдайларды жою және төтенше гуманитарлық көмек көрсету жөніндегі іс-шараларға қатысу болып табылады», деді құжат бойынша баяндама жасаған ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Болат Сембинов.

Ден қою күштері ұйымның ұжымдық қауіпсіздігі жүйесінің күштері мен құралдарының тұрақты әзірлігінің құрамдас бөлігіне айналады. Сонымен бірге, Ұжымдық жедел ден қою күштеріне бірқатар негізгі міндеттер жүктеледі. Атап айтқанда, қарулы шабуылдың, оның ішінде басқыншылықтың жолын кесуге, тойтарыс беруге, қарулы жанжалдарды оқшаулауға қатысу, халықаралық лаңкестікке, есірткі заттары мен қару-жарақ, оқ-дәрілердің заңсыз айналымына, трансұлттық ұйымдасқан қылмыстың басқа да түрлеріне қарсы күрес жөніндегі іс-шараларға қатысу жүктеледі.

Ұжымдық жедел ден қою күштерінің құрамын тараптардың ұсыныстары негізінде Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі бекітеді. Оларды жасақтау үшін қатысушы мемлекеттер өз ұлттық заңнамасына сәйкес қазіргі заманғы үйлесімді қару-жарақпен, әскери техникалармен жарақтандырылған арнайы мақсаттағы күштер құрылымдарын бөлетін болады. Бұдан басқа, Ұжымдық жедел ден қою күштері контингенттерін басқару үшін Қолбасшылық құрылады.