Парламент зейнетақыны 30 пайызға көтеруге бағытталған заңды қабылдады

АНА. 25 қараша. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңына өзгерістер енгізу туралы» заңды қабылдады.

Заң Елбасының қол қоюына жіберіледі.

Заң халықты зейнетақымен қамсыздандыру деңгейін көтеру және Мемлекет басшысының 2008 жылғы 6 ақпандағы Жолдауын іске асыру мақсатында әзірленген. Құжатқа сәйкес, 2011 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы төлемдерінің мөлшері 30 пайызға көтерілетін болады.

«Елбасы Жолдауында зейнетақының орташа мөлшері 2012 жылға қарай 2007 жылмен салыстырғанда 2,5 есе арттырылуы көзделген. Соған байланысты 2009 жылы зейнетақы 25 пайызға, 2010 жылы - 25 пайызға, келесі жылдан бастап 30 пайызға арттыру қарастырылады. Заң арқылы зейнетақы төлемдерін есептеу үшін ескерілетін ең көп табысты шектеуді 32 еселенген айлық есептік көрсеткіштен 39 еселенген көрсеткішке дейін және әскери қызметшілер қатарынан шыққан зейнеткерлердің еңбек сіңірген жылдары үшін берілетін ең жоғары зейнетақысын 86 еселенген айлық есептік көрсеткіштен 104 еселенген көрсеткішке дейін көбейту көзделеді», - деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова.

Оның айтуынша, заң нормасы барлық зейнетақыларды 30 пайызға арттыруды қамтамасыз етеді. Бұндай іс-шаралардың нәтижесінде жаңадан тағайындалған зейнетақылардың мөлшерін есептеу үшін ескерілетін ең жоғары табыс 2011 жылы 58 мың 968 теңгені құрайтын болады. Ал әскери қызметшілер қатарынан шыққан зейнеткерлердің еңбек сіңірген жылдары үшін берілетін зейнетақысының ең жоғары мөлшері 157 мың 248 теңгені құрайды.

«Жалпы алғанда 2011 жылы базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс зеңгейінің 50 пайызын құрап 8 мың тегеге дейін көтеріледі. Осылайша, ең төменгі зейнетақы -24 мың 47 теңге, орташа зейнетақы - 35 мың 950 теңге және жоғары зейнетақы 52 мың 226 теңгені құрайтын болады», - деді министр.