Парламент жеке сот орындаушылары институтын құруды көздейтін заңды қабылдады

АСТАНА. Наурыздың 5-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» заң жобасы бойынша келісім комиссиясының ұсыныстарын талқылады. Сонымен бірге, палата қалысымен аталған заң қабылданды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталған құжат бойынша елімізде орындаудың мемлекеттік жүйесімен қатар жеке сот орындаушылары институтын құру мақсаты көзделіп отыр. Бұл өндіріп алушыларға мемлекеттік немесе жеке сот орындаушысына жүгінуді таңдау құқығын береді. Мамандардың пікірінше, жеке сот орындаушыларының институтын енгізу қосымша бюджет қаражаттарын жұмсамай-ақ орындаудың мемлекеттік жүйесінің жүгін жеңілдетуге мүмкіндік туғызады.

Тұтастай алғанда, Парламент қабылдаған заң сот шешімдерінің орындалу сапасын арттырады және сот пен өзге де органдар актілерінің нақты әрі мүлтіксіз орындалуына жәрдемдеседі. Сондай-ақ жеке орындаушылық институтын енгізу бюджетке түсетін салық түсімдерінің ұлғаюына сеп болады.

Естеріңізге сала кетейік, құжатқа қатысты қос палата арасындағы келісім комиссиясы 14 ұстанымды талқылады. Бұлардың 5-еуі Сенат ұсынған, 9-ы бірлескен редакцияда қабылданды.