Парламент қабылдаған құжат Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.
Құжат өткен жылғы қараша айында барлық деңгейдегі әкімдердің қатысуымен өткен кеңесте Мемлекет басшысы берген тапсырманы, сондай-ақ «Қазақстан - 2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауында айтылған міндеттерді іске асыру мақсатында әзірленген болатын. Бұл ретте құжат бойынша мемлекеттік органдардың міндеттерін бекітуді заңнамалық тұрғыда реттеу, мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктердің қайталануын алып тастау және жергілікті атқарушы органдарды нығайту көзделеді. Сондай-ақ мемлекеттік басқарудың тиімді жүйесін құру мақсатында орталық және жергілікті атқарушы органдар арасындағы мемлекеттік басқарудың мейлінше оңтайлы деңгейін анықтау қарастырылады.
Тұтастай алғанда, Парламент қабылдаған заң еліміздің мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру, бөлінетін функцияларды заңнамалық бекіту, мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату, жергілікті және орталық мемлекеттік органдар қызметінің қайталануын болдырмау қажеттігіне байланысты болып отыр. Бұл ретте заң жобасы бойынша орталық мемлекеттік органдар арасында - 10 функция, орталықтан облысқа - 73, облыстан ауданға - 4, ауданнан ауылға 7 функция қайта бөлінетін болады. Нәтижесінде орталықтан облыстық деңгейге өткізілетін өкілеттіктерге 620 штаттық бірлік беріледі. Бұдан бөлек, заң арқылы аудандық (қалалық) деңгейде қосымша функциялар бекітіледі және аталған функциялар облыстық, Астана және Алматы қалаларының әкімдіктерінде де сақталады. Барлығы аудандық деңгейге берілетін штат саны - 431 бірлік. Ал ауылдық округ әкімдеріне салалық заң актілерімен 67 қызмет жүктеледі және олардың аппараттарын нығайту мақсатында орталықтан аймақтарға 4 369 бірлік, сондай-ақ облыстық жергілікті атқарушы органдардан 500 бірлік беріледі. Заңды қабылдау мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажыратуға және жергілікті атқарушы органдарға қажетті өкілеттіктер мен тиісті штаттық құрам беруге мүмкіндік береді.