«Аталған келісімге екі елдің үкіметі 2024 жылғы 7 наурызда қол қойды. Келісім мақсаты — Қазақстан аумағында жаңартылатын энергия көздерін, „жасыл“ технологиялар мен инновацияларды пайдаланып, екі ел арасындағы ынтымақтастық аясында жаһандық жылынуға қарсы шараларды жүзеге асыру. Осы құжат бойынша жалпы қуаты 1 ГВт жел электр станциясы жобасын Жетісу облысында салу жоспарланған», — деді Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин палатаның жалпы отырысында.
Жобаны іске асыру аясында 250-ге тарта тұрақты жұмыс орнын ашу, 3 мыңға жуық уақытша жұмыс орнын құру ескерілген.
«Шамамен 1,8 млрд АҚШ доллары сомасында инвестиция тарту қарастырылған. Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитеті заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеуге дайын», — деді депутат.
Еске салсақ, биыл наурызда Саудияның ACWA Power компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Мұхаммед Абунайян Жетісу облысында қуаты 1 ГВт болатын жел электр станциясын салу жөніндегі бірлескен инвестициялық жобаның перспективалары, сондай-ақ Қазақстанмен «жасыл» энергетика саласындағы өзара ықпалдастық жоспары жайында айтты.