Парламент жұмысының ашық болуына барлық жағдай жасалады - Н. Нығматулин

АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент жұмысының ашық болуына барлық жағдай жасалады. Бүгін ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында алтыншы шақырылымның алғашқы сессиясын қорытындылаған Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин осылай мәлім етті.

«Қазіргі әлемдік дағдарыс жағдайында алдымызда тұрған ең үлкен міндеттің бірі - Елбасының бес институттық реформасын іске асырудың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын одан әрі сапалы заңдармен қамтамасыз ету. Осы бағытта Парламент жұмысының ашық болуына ерекше назар аударылады. Себебі біз үшін қоғамдық пікірлердің, қоғамдық ұсыныстардың маңызы зор», - деді Н. Нығматулин.

Бұл ретте Мәжіліс спикері Парламентте азаматтық қоғам мен БАҚ өкілдерімен әрбір мәселені ашық айтуға, заң жобаларын талқылауға барлық жағдай жасалатынын мәлімдеді.

«Сондықтан да, біз қос палата депутаттары алдағы сессияда қоғамның қолдауымен мемлекеттік органдармен бірлесіп табысты еңбек етеміз деп сенемін», - деді Н. Нығматулин.

Бұдан бөлек, Мәжіліс төрағасы депутаттық корпустың заңнамаларды түсіндіру жұмыстарына белсенді араласуы да маңызды екенін атап өтті. Осы арқылы халық еліміздің орнықты дамуы үшін қажетті қандай заңдар қабылданатынын біліп отыруы қажет.

«Парламент заңдардың орындалуына қатысты жалпы бақылау орнату мәселесіне де мейлінше назар аударатын болады. Біз заңдардың орындалуына қатысты қатаң, жүйелі және тиімді бақылау орнату арқылы Елбасының тапсырмасын орындайтын боламыз», - деді спикер.