Парламентаралық форум ЕҚЫҰ кеңістігінде ынтымақтастық пен өзара түсіністік процесінде жаңа серпін береді - Мәжіліс Төрағасы

АСТАНА. Мамырдың 14-і. ҚазАқпарат - Парламентаралық форум ЕҚЫҰ кеңістігінде ынтымақтастық пен өзара түсіністік процесінде жаңа серпін береді. Өйткені осы маңызды басқосуға қатысушылар өз халқының сенімді өкілдері болып табылады.

Бұл жөнінде бүгін Алматы қаласында «ЕҚЫҰ-ның Еуразиялық өлшемі» атты Трансазиялық парламенттік форумның ашылуында ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сонымен бірге, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы О. Мұхамеджанов аймақтағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтуда, әлеуметтік-экономикалық саланы қарқынды дамытуда, төзімділік пен мәдениетаралық келісім идеясын алға бастыруда Қазақстанның бірегей тәжірибесі бар екенін атап өтті. «Осы ашылған «ЕҚЫҰ-ның еуразиялық өлшемі» атты Трансазиялық парламенттік форумға ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттердің ұлттық парламенттері делегацияларының, Жерорта теңізі аймағы мен Азиядағы серіктес мемлекеттер парламентшілері мен халықаралық ұйымдар өкілдерінің қатысуы Қазақстанға деген сенімді айқындап тұр және де еліміздің халықаралық қауымдастықтағы беделін көрсетеді», деді Мәжіліс Төрағасы.

Сонымен бірге, парламентшілерге арнаған сөзінде Орал Мұхамеджанов белсенді диалог пен тығыз ықпалдастық жаһандық және еуразиялық ауқымда жаңа тұрақсыз шақырулар байқалып тұрған жағдайда қауіпсіздікті қамтамасыз етуде өте маңызды фактор екеніне тоқталды. Сонымен қатар, ол қаржы-экономикалық және азық-түлік дағдарысын, табиғат апаттарын (мысалы, Исландиядағы жанартаудың атқылауы) және техногендік катаклизмдерді (айталық, Мексика шығанағындағы мұнай платформасының жарылуы салдарынан теңізге мұнай ағуы), қоршаған ортаның экологиялық жағдайының нашарларуын естен шығаруға болмайтынын атап өтті.

«Сондай-ақ халықаралық лаңкестіктің белсенділігі арта түсуі, діни және саяси экстремизм, есірткі саудасы, заңсыз көші-қон және заңсыз қару-жарақ айналымы сөзсіз алаңдаушылық тудырып отыр. Ғаламдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде азиялық бағыттың маңыздылығы артуда және ЕҚЫҰ қызметінің еуразиялық қырына қатысты тақырыбы өте өзекті бола түсуде», деді О. Мұхамеджанов.