Парламентаралық форум: Орталық Азия елдерінің ортақ мүддені талқылауы - болашақ үшін үлкен қадам

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – 2023 жылғы 9-10 ақпанда Түркістан қаласында Орталық Азия мемлекеттерінің бірінші парламентаралық форумы өтеді. Іс-шара 2022 жылғы шілдеде Шолпан-Атада (Қырғызстан) өткен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының IV Консультативтік кездесуінің қорытындысы бойынша бекітілген уағдаластықтарды жүзеге асыру аясында ұйымдастырылады. Бұл жиынға Орталық Азия мемлекеттерінің заң шығарушы органдарының спикерлері мен депутаттары қатысады деп жоспарланған. Атап айтқанда, осы форумды өткізу Орталық Азия елдерінің заң шығарушы органдары арқылы мемлекетаралық ынтымақтастықты нығайту үшін қосымша алаң құру процесін бастауға мүмкіндік береді. Бұл тұрғыда аталған форумға қатысты «Хабар 24» телеарнасына сенатор Әли Бектаев егжей-егжейлі баяндап берді.

- Әли Әбдікәрімұлы, осы форумнан жақсы нәтиже күтіп отырмыз. Жалпы, бұл жиынның маңызы жайында айтып берсеңіз.

- Орталық Азия мемлекеттері арасындағы ынтымақ пен бірлік экокомикалық дамуымызға, әлеуетіміздің артуына, халқымыздың жағдайын жақсартуға айтырлықтай ықпал етеді. Аталған форум Қазақстанның бастамасымен өткізілмек. Былтыр Орталық Азия мемлекет басшылары кездескен кезде, осы тақырыпты көтерген еді. Жалпы, бұл өңірдегі мемлекеттердің арасында тек билік немесе үкімет органдарының аясында ғана емес, сонымен қатар парламентаралық, мәдени, спорт және басқа да салаларда қарым-қатынас тереңдей түсуі керек. Осы орайда бауырлас елдер өзара ұтымды байланысты нығайтады. Әлемде болып жатқан оқиғалар барлық мемлекетке кері әсерін тигізіп отырғаны белгілі. Геосаяси ахуал, көрші мемлекетке қойылған экономикалық санкциялар Орталық Азия елдеріне тікелей әсер етеді. Себебі көршілес мемлекет болғаннан кейін, мұндай жағдай байқалатыны анық. Сондықтан Орталық Азия елдерінің арасындағы экономикалық интеграция өте маңызды болып тұр. Барлығымыздың трансшекаралық ортақ мүддеміз, жолдарымыз бар. Біз тарихи Ұлы Жібек жолы бойында жатқан мемлекеттерміз, ежелден сауда-саттық жасап үйренгенбіз. Баршамыздың мәдениетіміз, салтымыз бір екенін ұмытпаған абзал. Осының барлығын қамти отырып қарым-қатынасымызды нығайту – қазіргі кезде өте маңызды. Бұл ретте бірінші парламентаралық форумға ауқымды мақсат жүктеліп отыр.

- Форум барысында Орталық Азия елдері арасындағы қандай мәселелер қаралады?

- Аталған іс-шара аясында бес мемлекеттің парламент төрағаларының арасында екіжақты келіссөздер өтеді. Осы орайда парламент басшылары көптеген мәселені жекелей талқылайды. Соның арасында экономикалық, парламентаралық қарым-қатынас, елдеріміз арасындағы түрлі процестерді заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету ескеріліп отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар экономикаға оң әсерін тигізеді деп ойлаймын. Орталық Азия мемлекеттерінің қарым-қатынасы дами түссе, осы елдердің жалпы ішкі өнімінің өсуіне де ықпал етеді. Транзитпен өтетін өнімдерге қатысты заңдылықты қамтамасыз ету өте маңызды. Сонымен қатар, шекара мен кеден, ауыл шаруашылығы саласындағы мәселелерді дер кезінде бірлесіп шешу керек. Мұнымен қоса, трансшекаралық су мәселесі де өзекті. Арал - Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ортақ проблема. Сондықтан трансшекаралық өзендерді тиімді әрі дұрыс пайдалану, суды ауыл шаруашылығына жеткізу өңірдегі мемлекеттердің арасындағы ынтымақтастыққа қатысты болып тұр. Қазіргі уақытта Еуропа мен Ресей арасындағы ахуалды ескере отырып, өзіміздің өнімдерімізді басқа жолдармен экспорттау қарастырылып жатыр. Бұл ретте заңнамалық тұрғыдан шешім жасайтын қадамдар бар екенін ескеру керек. Бұдан бөлек, Өзбекстанмен, Қырғызстанмен, Түрікменстанмен шекаралас орналасқан ауылдарды, өңірлерді дамыту, бұл елді мекендер арасында сауданы жетілдіру мәселесін жергілікті атқару органдары ынтымақтасып шешуі керек. Осы форумда жергілікті қарым-қатынасты дамытуға екпін қойылады.

- Әлемдегі ахуалды ескере отырып, күрделі жағдайдан шығу жолдары қарала ма?

- Әрине, Орталық Азия елдері арасында бұл мәселелерді жеңіл еңсеруге назар аударылады. Өңірдегі кейбір елдер арасында шекараға қатысты мәселелер бар екені анық. Бұл проблема бір форумның деңгейінде шешілмеуі мүмкін. Бірақ алдағы жиын барысында келіссөздерді жалғастыру мәселесін пысықтауға болады. Шиеленіс жолымен бұл проблемалар шешілмейтінін білеміз. Сондықтан пікір алмасу кезінде өңірдегі осы мәселелерге қатысты оң ұсыныстар болады деген ойдамын.

- Орталық Азия мемлекеттерінің бірінші парламентаралық форумы аясында мәдени іс-шаралар өте ме?

- Форумның пленарлық мәжілісінде әр елдің бір депутаты мәдени және тарихи байланыстарымыз жайында арнайы баяндама жасайды. Орталық Азия елдерінің мәдениетіне, салт-дәстүріне, тарихына қатысты ортақ құндылықтарымыз бар екені белгілі. Осы орайда бұл тақырып бойынша депутаттар ортаға ой салады. Бұл тұрғыда форум барысында маңызды тақырыптар көтеріледі деп санаймын. Әр мемлекеттен келген өнер адамдарының концерті ұйымдастырылады. Түркістанның бүкіл түркі әлемі үшін маңызы зор екенін білеміз. Бұл шаһарда көпшілікті қызықтыратын нысандар баршылық. Түркістанда салынып жатқан музейлерде, тарихи орталықтарда жалпы түркі әлемі мен Орталық Азия елдерінің тарихынан сыр шертетін құнды жәдігерлер қамтылатын болады. Форумға келген қонақтар осының біразымен танысады деп ойлаймын.

- Бұл форум алдағы уақытта тұрақты түрде ұйымдастырылып тұра ма?

- Осы форум түрлі салаларды дамытуға елеулі ықпал етеді. Сондықтан оны тұрақты түрде әр мемлекет ұйымдастырады деген ойдамын. Яғни, Орталық Азия мемлекеттеріне қатысты ортақ проблемалар жиі талқыланады. Парламент басшылары кездескен кезде бұл мәселе шешілетін болады. Біз оны жыл сайын ұйымдастыру керек деген ұсыныс жасамақпыз. Қарым-қатынысымыз өте тығыз болуы үшін жиі кездесіп, пікір алмасуымыз керек. Қазіргі кезде Орталық Азия елдерінің бірігуі, ынтымақтасуы, ортақ мүддені талқылауы болашақ үшін үлкен қадам деп есептеймін. Сондықтан барлық елдер бұл форумға оң көзқараспен қарап отыр.


Соңғы жаңалықтар