Парламентке бизнес үшін әкімшілік кедергілерді азайту тұрғысында заң жобасы енгізіледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жақында Парламентке бизнес үшін әкімшілік кедергілерді азайту тұрғысында заң жобасы енгізілмек. Жаңа Заң қабылданғаннан кейін мемлекеттік органдар жаңа рұқсаттарды өз бетінше енгізе алмайды. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында Қазақстан Республикасының Өңірлік даму вице-министрі Серік Жұманғарин мәлім етті.

Бизнес үшін әкімшілік кедергілерді азайту мәселесіне тоқталған вице-министр «Өткен жылы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы құрылды. Ол қазіргі уақытта Үкіметтің сенімді серіктесіне айналып отыр. Мәселен, осы жылы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып, бизнестің дамуына кедергі келтіретін нормаларды анықтау және оларды алып тастау тұрғысында заңнамаға тексеру жүргізілді. Осы жұмыстың нәтижесінде жақын арада Парламентке «Рұқсаттар мен хабарламалар туралы» Заң жобасы енгізілетін болады. Бұл Заң 2013 жылы барлық рұқсаттарға толық тексеру жүргізу негізінде және рұқсат беру жүйесін реформалау аясында әзірленді»,- деді.

С.Жұманғаринның айтуынша, бұл заң кәсіпкерлерге жаңадан енгізілетін негізсіз рұқсаттарға тосқауыл қоятын болады. Рұқсатнамалар сыныптар мен қауіптілік категорияларына бөлініп, оның толық тізбесі заңнаманың негізгі құралы болып табылады.

«Заңды қабылдағаннан кейін мемлекеттік органдар өз бетінше жаңа рұқсаттарды енгізе алмайды. Сондықтан олар рұқсатнамаларды енгізу қажеттігін дәлелдеп, кәсіпкерлер үшін экономикалық салдарын есептеу керек. Тек содан кейін ғана рұқсат беру заңда көрініс алады», - деді вице-министр.

Заң жобасы бойынша барлығы 758 құжат бекітіледі, оның ішінде 717-сі рұқсат берулер, ал 35-і хабарлама болып табылады.