Оның айтуынша, Қазақстан Үкіметінің 2024 жылға арналған заң жобалау жоспары аясында Цифрлық кодексінің жобасын әзірлеу бекітілген. Бұл құжат жобасы Әділет министрлігіне келер жылдың маусым айында, ал Парламентке қыркүйек айында енгізілмек.
«Бұл құжаттың бастапқы нұсқасын дайындадық. Оны 2024 жылы Мәжіліске енгізу міндетін белгіледік. Құжат деректерді, байланыстарды, мемлекеттік қызметтерді, кибер және ақпараттық қауіпсіздікті, электронды құжаттар мен электронды цифрлық қолтаңбаны реттеу бойынша қолданыстағы заңнаманы біріктіреді. Атап айтқанда, қазір цифрлық құжаттарды енгізіп жатқанымыз белгілі. Мәселен, осы құжаттар бойынша басқа қалаға көлікпен немесе пойызбен емін-еркін баруыңыз үшін бірнеше заңдарға өзгертулер енгізу керек. Яғни осы салада қайшылықтарды болдырмау үшін бұл принциптерді Цифрлық кодекс аясында реттеу ұсынылды. Цифрлы дерекқорлардағы сіз туралы ақпарат басқа заңдардағы талаптармен үйлестірілуі тиіс. Адамның сапарлауында немесе басқа да әрекеттерінде ешқандай кедергілер болмауы керек. Жол полициясы және басқа да органдар қағаз нұсқадағы құжаттарды талап етпес үшін тиісті нормалар аталған кодексте ескеріледі», - деді А.Жамбакин Әділет министрлігінде тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Бұл ретте ол Цифрлық кодексте барлық саладағы осы тектес мәселелерді шешуге бағытталған қадамдар қамтылатынын айтты.
«Жеке деректерді қорғау туралы заң да осы құжат аясында қамтылады. Қазір салалық заңнамада бар нормалардың бәрі тиісті деңгейде Цифрлық кодекске көшіріліп, заманауи талаптарға сай келтіріледі. Жасанды интеллект бойынша тиісті реттеу іс-шаралары ескерілмеген. Сондықтан бұл мәселе аталған кодексте қарастырылады», - деді вице-министр.
Айта кетейік, биылғы Жолдауында Мемлекет басшысы Үкіметтен, сарапшылар қауымынан, Парламент депутаттарынан біртұтас салалық құжат әзірлеу мәселесімен айналысуды сұрады.