Парламентшілер елордадағы өндіріс орындарында жұмыспен қамту бағдарламасы қалай жүзеге асып жатқанына баса көңіл аударды

None
АСТАНА. 6 сәуір. ҚазАқпарат - «Talgo» жолаушылар вагондарын шығаратын «Тұлпар Talgo» БК ЖШС зауытында болғанда ҚР Парламенті Мәжілісінің Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы,экономика ғылымдарының докторы Гүлжан Қарағұсова отандық БАҚ өкілдеріне сұхбат берді.

Депутат осы зауытта біздің климатымызға, темір жолдарымызға бейімделген вагондар құрастырылып шығарылып жатқанын, сонымен шектеліп қалмай, біздің темір жолдарда пайдалануға берілген «Тұлпар» пойызының 5-7 жыл бойғы тәжірибесін ескере отырып, айтылған сындар мен пікірлер негізінде бірқатар кемшіліктер жойылғанын айтты.

«Бұл бізді қуантып отыр. Өйткені бұл кәсіпорын еркін экономикалық аймақ (ЕЭА) ішінде, ЕЭА-ы жеңілдікке ие болған соң, баға саясаты бойынша барлық өнімдері бәсекеге тіптен қабілетті. Еліміздің бас қаласының өндірістік аумағында бәсекеге қабілетті өнім шығаратын осындай үлкен инновациялық аймақ бар екені қуантып отыр. Мұның сыртында, бұл вагондарды сатуға шығару нарығы қамтамасыз етілген. Өйткені біздің еліміздегі барлық вагондар паркін жаңартуымыз керек. Осы орайда біз шетелдерден, оның ішінде ТМД елдерінен түсіп жатқан тапсырыстарды алмай отырмыз. Мұндай технология тіпті Ресейдің өзінде де жоқ»,- деді Гүлжан Жанпейісқызы.

Г. Қарағұсова елордамыздағы өндіріс орындарын аралаған кезде Мәжіліс депутаттары үлкен әсер алғанын мәлімдеді. Өзі Мемлекеттік қаражатты тиімді пайдалану жөніндегі комиссияның төрайымы ретінде жақында жұмыспен қамту бағдарламасы туралы мәселені қарастырғанын жеткізді.

Парламентшілер елордалық өндіріс орындарында болғанда, жұмыспен қамту бағдарламасы қалай жүзеге асып жатқанына баса көңіл аударды. Мәселен, Темір-бетон бұйымдарын шығаратын «Мақсат АБК» ЖШС-інің зауытында болғанда, қалалық жұмыспен қамту департаменті осы өндіріс орнына 30 жұмысшыны жіберу жөнінде келісім жасалғынын естіп білді. «Бұл мәліметке біздің көңіліміз көтеріліп қалды. Осы 30 жұмысшы зауытта тәжірибеден өтеді, алты ай бойына оларға мемлекет қаржы төлеп тұрады, содан кейін тұрақты жұмысқа қабылданады. Мұндай мәселені «сэндвич - панелін» өндіретін «Кровля НС» ЖШС-інің зауытында да кездестірдік. Олардың да басты мәселесі - білікті маман табу. Соған орай біз оларға жұмыспен қамту бағдарламасы бар екенін, сол арқылы керек мамандарды алуға болатынын айттық»,-деді Мәжілістің салалық комитетінің төрайымы.