Парламентшілер халықтың репродуктивтік денсаулығы мен гендерлік теңдік мәселелері жайында пікір алмасады

АЛМАТЫ. Қазанның 27-сі. ҚазАқпарат - Ертең, қазанның 28-і күні Алматы қаласында Қазақстан топырағында тұңғыш рет гендерлік теңдік пен әйелдер құқығын қорғау мәселелері бойынша орталықазиялық екі күндік парламенттік басқосу басталады. Бұл үлкен жиында халықтың репродуктивтік денсаулығы мен гендерлік теңдік мәселелері жайында әңгіме болады,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Форумға Мәжіліс Төрағасының орынбасары Жәнібек Кәрібжанов, Мәжілістегі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Динар Нөкетаева, депутаттар Елена Тарасенко, Серік Оспанов, Дарья Клебанова, Шавхат Өтемісовтер қатысады.

Аталған халықаралық басқосуда Халықтың қоныстануы мен дамыту жөніндегі Азиялық форум төрағасының орынбасары, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айткүл Самақова баяндама жасайды деп жоспарланған.

Алматыдағы басқосуға Шығыс Еуропа өкілдері, өңірлердің парламенттік желілері мен Азия-Тынық Мұхит аймағынан өкілдер шақырылып отыр. Сондай-ақ, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Қазақстанның парламенттік делегациялары қатысады деп күтілуде.

Кездесуде негізінен гендерлік мәселелерге және Орталық Азия мен Шығыс Еуропа өңірінде ХДХК-мен олардың байланысына назар аударылатын болады. Қыздар мен әйелдерге білім беру, гендерлік теңдік және әйелдердің құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі заңнама, жастардың ұрпақ репродуктивті денсаулығын қорғау және өңірдегі елдердің ұлттық саясаты шеңберінде гендерлік бюджет бөлу сияқты нақты тақырыптарды қамтиды.