Парламентшілеріміз Палермодағы трансұлттық ұйымдасқан қылмыспен күрес мәселелерін талқылауға белсенді түрде қатысты

АСТАНА. Қазанның 11-і. ҚазАқпарат - Палермодағы (Италия) ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының Күзгі сессиясына қатысып жатқан қазақстандық парламентшілер трансұлттық ұйымдасқан қылмыс және сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселелерін талқылауға белсенді түрде қатысты,

деп хабарлайды Сенаттың баспасөз қызметі.

Бұл тақырыпқа арналған конференция барысында сөз алған Қазақстанның парламенттік делегациясының басшысы Қуаныш Сұлтанов «барлық елдерге әсер ете бастаған сыбайлас жемқорлық әлеуметтік қатер» екенін айта келіп, «бұл әлеуметтік қауіп қазіргі жағдайда мемлекет ішіндегі проблемадан жаһандық мәселеге айналып отыр», деді.

Қазақстан сыбайлас жемқорлықпен күрес саласындағы заңнамаларды мақсатты түрде және бірте-бірте жетілдіріп келеді. Біздің еліміздегі сыбайлас жемқорлықпен күрес мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі болып белгіленді.

Сыбайлас жемқорлықтың жаһандық сипаты тұтастай халықаралық қоғамдастық ауқымында лайықты шаралар талап ететінін атап өте келіп, Қ.Сұлтанов сыбайлас жемқорлықпен күрес саласында Қазақстан халықаралық қоғамдастықпен өзара белсенді әрекет етіп отырғанын айтты. Басқа мемлекеттердің құқық қорғау органдары және арнайы қызметтерімен, халықаралық үкіметтік емес ұйымдармен ынтымақтастықты қалыптастыру және нығайту жөнінде бірқатар жұмыстар атқарылуда.

Сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі барлық маңызды құжаттар ратификацияланды және еліміздің заңнамасы тиісті ережелерге сәйкестендірілді. Ол БҰҰ-ның 2000 және 2003 жылдарғы конвенцияларымен бірге, «Сыбайлас жемқорлық үшін қылмыстық жауаптылық туралы» және «Сыбайлас жемқорлық үшін азаматтық-құқықтық жауапкершілік туралы» 1999 жылғы Еуропалық конвенциялар да бар.

«Бұл конвенцияларға қосылу Еуропа Кеңесі аясындағы ынтымақтастық үшін құқықтық базамен қамтамасыз етеді»,-деді Қ.Сұлтанов.

Пікірсайыс барысында Мәжіліс депутаты Светлана Бычкова да сөз алды. Ол Қазақстан беделді халықаралық ұйымдармен бірлесе отырып, елдегі және аймақтағы адам саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі кезек күттірмейтін кешенді шаралар қабылдайтынын айтты және парламенттік форумда адам саудасына қарсы іс-қимылға назар аударды.