Парламентте азаматтық қорғаныс жүйесін жетілдіру тақырыбында Үкімет сағаты өтті

АСТАНА. Желтоқсанның 14-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Қазақстан Республикасындағы азаматтық қорғаныс жүйесін жетілдіру шаралары» атты тақырыпта Үкімет сағаты болып өтті.

Онда ҚР Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко баяндама жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстан-2030» ұзақмерзімді стратегиясы аясында Төтенше жағдайлар министрлігі 2009-2011 жылдарға арналған стратегиялық жоспары шеңберінде бірқатар кешенді, құқықтық ұйымдастыру шараларын жүзеге асырып келеді. Бұл бағытта табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың ықпалынан халқымызды және ел аумағын қорғау және алдын алу жөнінде іс-шаралар атқарылуда. Сонымен бірге, министрлік тарапынан тұрақты түрде төтенше жағдайларды ескерту, алдын алу және салдарын жоюға бағытталған және осы бағыттағы мемлекеттік резерв саласындағы заңнамалық базаларды жетілдіру қолға алынып отыр», деп атап өтті Үкімет сағаты барысында В. Божко.

Оның айтуынша, 2009 жылы Төтенше жағдайлар министрлігінде әкімшілік реформалау жұмыстары аяқталып, ведомствоның барлық жүйесі жаңа функционалды оңтайлы құрылым ретінде қалыптаса бастады. Атап айтқанда, аумақтық органдардағы азаматтық қорғаныстың барлық деңгейі мен бағытында дара басшылық қағидаты бекітіліп отыр. Сонымен бірге, министрдің айтуына қарағанда, дағдарыстық жағдайларда құтқару күштерінің шұғыл ден қоюы мен жедел басқаруы біріңғай кезекші-диспетчерлік қызметтерін құру арқасында аса тиімділігін танытып отыр.

«Заң шығармашылығы жоспары бойынша азаматтық қорғанысты жетілдіру мен төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарын жою жөнінде, өрт қауіпсіздігі, апаттық-құтқару қызметтеріне бағытталған заң жобалары әзірленуде», деді В. Божко.