«Біздің депутаттық сауалымызға сайлаушылармен кездесуімізде және әлеуметтік желілерден Парламент қабырғасында қабылданып жатқан заң жобалары халыққа қарапайым әрі түсінікті тілде жетпейтіні туралы арыз-шағымдары себеп болып отыр», дейді Фахриддин Қаратаев.
«Біз үшін қарапайым адамдардың әлеуметтік жағдайын білу және оған дер кезінде ден қою өте маңызды. Сондықтан, уақтылы ден қою әрқашан біздің басымдығымыз болып табылады», - деп Президент Қ.Тоқаев өз сөзінде бірнеше рет атап өтті және халықтың сұраныстарына жедел ден қоюды және түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Алайда, өңірлерге іссапар барысында – халық қабылданып жатқан заңдардан көп жағдайда бейхабар қалатыны белгілі болды. Атап өтетін болсақ, Парламентте қабылданған заң өңірлерге, халыққа қарапайым тілде түсіндіріліп жеткізілмейді. Кездесуде азаматтардың көбісінің сұрағы мемлекеттік, әлеуметтік бағдарламаларға, заңдарға және шағын кәсіпкерлікті дамыту үшін берілетін түрлі гранттарға, ауыл шаруашылығын дамытуға қатысты субсидия мәселелеріне қатысты болып отыр. Сол себепті халыққа заңды, түрлі бағдарламаларды ашық, қарапайым тілде түсіндіре алу және оны барынша тарату мәселесін тиісті министріліктер мен жергілікті атқарушы органдар қолға алуы қажет деп есептейміз.
Өйткені Заңның дер кезінде халыққа дұрыс түсіндірілмеу салдарынан әлеуметтік желідегі белсенділер, тәуелсіз сарапшылар, заңды өз пайым-түсінігі шеңберінде талдап, талқылап жатады. Олар халықпен қарапайым әрі түсінікті тілде сөйлеседі, сондықтан олардың беделі күннен күнге өсуде. Ал тиісті мемлекеттік органнның түсіндірмесі кешігіп, қоғам қызу талқылағаннан кейін ғана ресми түрде таратыла бастайды. Мысал ретінде, мемлекетпен кредиттер кешірілетін болды деп жүздеген адам Алматыдағы Ұлттық банктің есігінің алдына барып, арызын өткіземіз деп әлекке түсті. Яғни халық пен билік арасындағы медиа коммуникациясы жұмыс жасамайтыны үлкен мәселеге айналып отыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына «Сындарды қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі», атты Қазақстан халқына жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет екенін атап өтті. Сондықтан да, сайлаушылармен тығыз қарым қатынаста болып, заң шеңберінде болып жатқан барлық өзгерістерді нақты және түсінікті тілде жеткізіп, халықтың кең ауқымын қамтумен баршамыз бірігіп түсіндіру жұмыстарын қолға алумыз қажет деп есептейміз.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні - бүгінгі таңда, заңдарды халыққа түсінікті әрі қарапайым тілде жеткізу, барынша кең ауқымды қамту жұмыстарының ақсап тұрғаны, жеткіліксіз екендігі байқалып отыр.
Еліңе қарап, ертеңіңе қамдан - демекші, құрметті Қанат Сергейұлы, сізден:
1. Қабылданып жатқан Заңдарды түсіндіру және ақпараттық сүйемелдеу бағдарламасының орындалуын Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі мен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, жергілікті атқарушы органдардың, Әділет департаменттерінің заң бөлімшелері және қала облыс, аудан, ауыл, деңгейіндегі мәслихат депуттатарымен және әкімдіктердің ішкі саясат бөлімдерімен бірлесіп үгіт - насихат жүргізіп, халыққа әлеуметтік желілер және бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдары (БАҚ) арқылы түсіндіру жұмыстарын жүргізуді;
2. Тұрғындарымызға заңдарды түсінікті тілде жеткізу мақсатында мемлекеттік бағдарлама және заң жобасының нормаларын азаматтарға жіктеп түсіндіруге бағытталған республикалық деңгейде іс-шараларды ұйымдастыруды;
3. «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасында «Өзгеріс жолы: әркімге лайықты өмір!» бағдарламысында азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыру бойынша барынша ойластырылған шаралар қамтылған. Осылайша отандастарымыздың әлеуметтiк-экономикалық жағдайын жақсартуға қатысты заң жобасы мен түрлі бағдарламалардың түсіндірілу жөніндегі жүйелі жұмыстарды жүргізуді, оған тұрақты түрде мониторинг жүргізуді ұсынамыз.
Депутаттық сауалға «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 27-бабына сәйкес жауап беруіңізді сұраймыз», деп атап өтілген депутаттық сауалда.