Парламентте қызмет ететіндердің жалақысы қанша екендігі белгілі болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» партиясы фракциясының мүшесі Нұрлан Жазылбеков Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қанша жалақы алатынын айтты.

«Депутаттардың жалақысы ешкімге құпия емес. Қазір біз 500 мың шамасында жалақы аламыз. Бұл Үкіметтің басқа мүшелерімен, ұлттық компания қызметкерлерімен салыстырғанда онша көп емес. Дегенмен, оны азырқану, меніңше, күнә. Өз жұмысымызға сай жалақы аламыз», - деді ол журналистердің сұрақтарына жауап беру кезінде.

Ол сондай-ақ, әріптесі Светлана Жалмағамбетованың ұсынысы туралы айта келіп, оның депутаттардың емес, Парламенттегі басқа қызметкерлердің жалақысын көтеру керек дегенді айтқанын түсіндірді. «С. Жалмағамбетова бүгінде Жоғарғы сот, Үкімет қызметкерлерімен бірдей қызмет атқарып, бірдей жауапкершілік көтеріп келе жатқан парламенттің басқа қызметкерлері туралы айтты. Жалмағамбетова өзі туралы айтқан жоқ, депутаттардың жалақысы туралы айтқан жоқ, ол басқа қызметкерлер туралы айтты. Иә, бүгінде Парламенттегі қызметкерлер үлкен жұмыс атқаруда және олар ешкімнен кем емес. Сәйкесінше, менің ойымша, олардың жалақысы да еңбегіне сай болуы керек. Өйткені онда істейтіндердің көбі жастар және көбінің 2-3 баласы бар. Бүгінде олардың алатын 100 мыңнан сәл ғана асатын жалақысы еңбектеріне сай емес», - деді депутат.