халық қалаулылары болып жүрген, сондай-ақ бұған дейінгі шақырылымдарда Мәжіліс депутаты болған және елордадағы мемлекеттік қызметте басшылық атқарып жүрген бір топ ханымдардың басын қосты.
Аталмыш шара Қазақстан Республикасы Парламентінің 15 жылдығы, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл толуы мен өткізілгелі отырған әйелдер құрылтайының құрметіне арналды. «Еліміздің еңсе көтеріп, мемлекетіміздің нығайып, іргеміздің беки түсуіне нәзік жанды саналатын әйелдердің қосқан үлесі өлшеусіз. Тарих түпкірінен сөз тартпағанның өзінде осы жиырма жылда қазақтың қыздары ер көтерер жүкті арқалай білді. Сол ер мінезді қайсар қыздар - Сіздер деп танимыз», - деді жиынды ашып сөз сөйлеген депутат М.Айсина.
Салтанатты кеш барысында «Елдің батыр қыздары», «Халық қалаулылары», «Министр ханымдар», «Ауыр жүк арқалағандар», «Халық үні», «Біздің үміт» деген атаулармен айшықталып, қатысып отырған әр әйелдің өзіндік қасиеттері анықталды. Елінің батыр қыздары болып Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Фариза Оңғарсынова, қоғам қайраткері Зәуре Қадырова, мемлекеттік қызметкерлер Раиса Шер мен Лилия Мусина танылды. Олар Парламенттің өткен шақырылымдарының депутаттары. Фариза апай мен Зәуре апайдың мерейлі мерейтойларын ескерген сіңлілері тарту-таралғыларын да ұмытпады. Фариза апай саясаткер сіңлілеріне Шыңғысханның шапқыншылығы кезіндегі Отырар қаласындағы әйелдердің ерлігін әңгімелеп берді де, «Мемлекет дамуында атқарып отырған еңбектеріңе табыс, елдің бүгіні мен ертеңін анаға тән жүрекпен ойлап жүрген жүректеріңе алғыс тілеймін. Парламентте өткір мәлімдемелер мен депутаттық сауалдар жасап отырған қыздарымыз, заң жасаған кезде де өз үндерін танытып, өз талаптарын қосып отыр, соның арқасында әлеуметтік мәселелер оң шешімін тауып келеді. Алдымызда Тәуелсіздіктің 20 жылдығы, Президент сайлауы, Ислам конференциясына төрағалық т.б. көптеген жауапты шаруалар тұр. Оның негізі мына сендердің қолдарыңмен атқарылады. Әйелдер біріксе, алынбайтын қамал жоқ. Сендерге сол жолда табыс тілеймін!», - деп ақ батасын берді.
Мерекелі, берекелі осы кешке Әлем әртісі Айман Мұсаходжаева, Қазақстанның іскер әйелдері қауымдастығының президенті Раушан Сәрсембаевалар қатысып халықтың үнін жеткізді.
Жұлдыз қыздардың жарқыраған кешінде күйші Мұрагер Сәрсенбаев, Астана филармониясының әншілері Айзада Қопанова, Естай Мұқашев, Бибігүл Жанұзақ және «Кантус Нова» вокалды квартеті өнер көрсетті.