АСТАНА. Маусымның 30-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Мен Парламенттің осы сессиясы барысында ұлтқа пайдасы тиеді деген құжаттардың бірі ретінде бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты құжатты атар едім». Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысынан соң журналистердің сауалдарына жауап берген Мәжіліс депутаты Алдан Смайыл осылай деді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, депутаттар аталмыш заңға көптеген өзгерістер енгізді. Соның ішінде маңызды деген екі мәселені ерекше атап өтуге болады. «Оның бірі электрондық ақпарат құралдарында берілетін хабарларда 50/50 ұстанымының орындалуы заң түрінде енгізілді. Сонымен қатар, осы заңда қазақ тілді бағдарламалардың халықтың теледидарды ең көп көретін уақытында берілуін міндеттедік. Бұған қоса ақпарат құралдарында қатігездікті насихаттау мен порнография сияқты өзге де материалдарға шектеу қойылуына қол жеткізілді. Мұның бәрі де халыққа қызмет ететін дүниелер», деді депутат.
Оның айтуынша, қазір депутаттар мәдениетке қатысты да заң жобасын талқылауда. Онда да жаһандық мәдениетті ұлттық мәдениетпен үйлестіруге қатысты жақсы жаңалықтар бар.