Парламенттік сайлауда жеңген партия Үкімет құрамын жасақтауға ықпал етеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламенттік сайлауда жеңіске жеткен партия Үкімет құрамын жасақтауда шешімді түрде әсер ете алады. Бұл туралы бүгін өзінің үндеуінде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті.

Елбасы үндеу барысында билік тармақтары арасындағы қарым-қатынастарды конституциялық деңгейде тепе-тең ету маңызды екенін атап өтті.

"Үкімет құруда Парламент рөлін, министрлердің депутаттар алдындағы жауапкершілігін күшейту аса маңызды. Парламенттік сайлауда жеңіске жеткен партия Үкімет құрамын жасақтауда шешімді түрде әсер ете алады. Осыған байланысты, енді Үкіметті бұрынғыдай Президент алдында емес, Парламент алдында босату заңды болады. Парламент Палаталары тарапынан Үкімет мүшелеріне сенімсіздік таныту тәртібін жеңілдету қажет. Бұл заң шығарушы биліктің атқарушы биліктің үстінен бақылауын күшейтеді", - деді Мемлекет басшысы.

Елбасының сөзінше, Үкіметке мемлекеттік бағдарламаларды бекіту құзырын берген жөн, себебі ол мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуына толық жауапкершілік алатын болады.

 "Үкіметке оның құрамына кірмейтін орталық атқарушы органдарды құру және жою құзырын беру керек. Президент Үкімет пен Премьер-Министрдің актілеріне тыйым салу және тоқтата тұру құқығынан бас тартуы мүмкін. Осының барлығы атқарушы органдар мен олардың басшыларының жауапкершілігін арттырады, қажетті құзырмен қамтамасыз етеді. Президенттің заң күшіне ие Жарлықтары да өзінің өзектілігін жоғалтты. Жергілікті атқарушы билікке қатысты Парламенттің рөлін арттыру көзделген", - деді Елбасы.