Парламенттік тыңдау: әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларының көбі тиімсіз

АСТАНА. ҚазАқпарат – Елдегі әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларының жұмысында тиімсіз тұстар көбейіп кетті. Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің хатшысы Серік Шайдаров өңірлерді дамыту жөніндегі Парламенттік тыңдауда осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2019-2021 жылдары «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы «Ақсу қант» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне 3,3 млрд теңгеге пайызсыз көмек көрсетті. Оның 2,7 млрд теңгесі шарт бойынша мерзімінде қайтарылмаған.

Әлеуметтік корпорациялардың көбі тиімсіз. Мәселен, он әлеуметтік корпорацияның («Kokshe», «Ақтөбе», «Атырау», «Каспий», «Тараз», Aqjaiyq, «Солтүстік», «Сарыарқа», «Astana», «Павлодар») 2019-2021 жылдардағы жиынтық шығыны шамамен 17,4 млрд теңге болды», - деді ол.

Сенатордың мәліметі бойынша, әлеуметтік корпорациялардың табысты жұмыс істеп жатқаны күмән тудырады.

«Өйткені, ол негізінен депозиттерге салған бюджет қаражатының пайыздары есебінен, сондай-ақ балансқа берілген мемлекеттік мүлікті жалға беруден қалыптасады. Демек, әлеуметтік корпорациялардың нақты қызметі негізгі мақсат-міндеттеріне сәйкес келмейді.

Қолданыстағы Өңірлік даму институттарына трансформациялау үшін әлеуметтік корпорациялардың қызметін реттеу бағытындағы жеке заң әзірлеу орынды деп санаймыз.

Әлеуметтік корпорациялар арқылы жер учаскелерін беру механизмін заңнамамен реттеу қажет. Өйткені, дәл осы салада сыбайлас жемқорлыққа жол көп», - деді Серік Шайдаров.