Парламенттің бүгінгі мəлімдемесі қоғамның бірлесе жедел шешім қабылдайтынын көрсетіп отыр - сарапшы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламенттік фракциялардың бүгінгі мәлімдемесі ішкі мәселелер бойынша қоғамның бірлесе жедел шешім қабылдайтынын көрсетіп отыр. ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Орталық Азия өңіріндегі этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығының басшысы Айгүл Сəдуақасова осындай ойын жеткізді.

"Қазақстанда жаңа саяси кезең басталғаны анық. Ел Парламенті осы уақытқа дейін үлкен жұмыс атқарды. 2015 жылы еліміздің саяси, экономикалық-әлеуметтік дамуының жаңа кезеңінің заңнамалық негізін жасау бағытында ауқымды жұмыс атқарды. Парламенттік фракциялардың  бүгінгі мәлімдемесі ішкі мәселелер бойынша қоғамның бірлесе жедел шешім қабылдайтынын көрсетіп отыр", - дейді сарапшы.

Оның айтуынша, қазіргі қиын кезеңде елдің заң шығарушы және атқарушы биліктері тең жүрсін десек, онда осы сайлауды мерзімінен ертерек өткізуге мүмкіндік бар жəне парламент сайлауын өткізуге бүгінгі экономикалық жағдай да толық мүмкіндік береді алады.

"Парламент жаңаруы тиіс. Еліміздің алдында тұрған сын-қатерлер жаңа адамдардың келуін қажет етеді деген ойдамын", - деп толықтырды өз ойын А.Сəдуақасова.