Парламенттің өзінде заңдарды мемлекеттік тілде қарауға толық жете алмай жүрміз - Қ. Сұлтанов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялық қызметінде өткен брифинг «Қазақстандық қоғамның рухани-мәдени дамуы» тақырыбында өрбіді.

Тіл төңірегіндегі тақырыпқа тоқталған П арламент Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов , бұл мәселеде ең алдымен мемлекеттің құзырлы органдары үлгі болуы керектігін атап өтті. «Елбасы өзінің әрбір сөзінде мемлекеттік қызметкерлердің халыққа қатысты қызмет деңгейін сапаландыруды ұдайы айтып келеді. Бұл тұрғыдан алсақ, мемлекеттік тілге тек жиналыстар жүргізу деңгейінде ғана емес, халықпен байланысу, құжаттарды дайындау тұрғысынан да маңызды. Өйткені , біз қазіргі күні Парламенттің өзінде заңдарды мемлекеттік тілде қарауға толық жете алмай жүрміз», - деді Қ. Сұлтанов.

Сонымен бірге, депутат мемлекет жұмысында рухани дәрежені көтеруге көптеген шаралар атқарып жатқанын, қыруар қаражаттар бөлінгенін де атап өтті. Оның пайымынша, мемлекеттік тілді дамыту, кеңінен пайдалану жағымды көрсеткішке айналып барады.

«Орыс тілі тұрғысынан Қазақстанда ешқандай қиындық та, мәселе де жоқ. Қазақтардың басым бөлігі «туа сала» орысша сөйлеп те жатыр. Шындығында, орыс тілі біздің рухани байлығымыз. Осы жағынан алсақ, қазақтар ешқашанда орыс тілінен бас тарта алмайды, олар орыс тілін, оның байлығы мен мүмкіндіктерін игеруді одан әрі жалғастыра береді. Бұған қосымша ағылшын тілін жастарымыз игеріп жатыр. Бұған да Президент назар аударған болатын. Жалпы, адам баласының тілі - оның анасының тілі. Ендеше, ана тілге құрмет көрсете отырып, қосымша тілдерді игеруге жағдай жасалуы шарт», - деді Қ. Сұлтанов.

«Әлемде ағылшын тілінің үстемдігі болғандықтан, одан да бас тарта алмаймыз. Бұл тілді білу біздің азаматтарымызға өз елімізден тысқары жерлердегі биік деңгейге көтерілуіне ықпал етеді. Сондықтан да, бұл саясат дұрыс, одан пікірталастар жасай бергенше, жағдай жасаған ләзім. Сосын мемлекеттік тілдің дамуын тек Үкіметтен күтіп отыру да дұрыс емес. Оны кез келген адам өзінің санасымен түйсініп, жауапкершілік алуы керек. Өзінің ата-анасына қандай жауапкершілікпен қараса, тілге деген жауапкершілік тура сондай болуы керек», - деді ол.