— Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың биылғы Жолдауында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы жасанды интеллекттің рөліне ерекше көңіл бөлді. Осыған орай, маңызды стратегиялық бағыттар бойынша іске асырылатын нақты шаралар айқындалды. Мемлекет басшысы Қазақстан үш жыл ішінде жаппай цифрлы мемлекетке айналуға тиіс деп нақты мақсат қойды. Мұндай қадам Қазақстанның барлық сектордағы әлеуетін айтарлықтай арттырып, экономика мен әлеуметтік саланы сапалы жаңа деңгейге шығаруға жол ашатын болады. Көздеген мақсатқа қол жеткізу үшін Цифрлық кодексті қысқа мерзімде қабылдау тапсырылды. Сонымен қатар, Жолдауда инвестициялық саясатқа да ерекше назар аударылды.
Бұл ретте инвестиция тарту жүйесін түгел жаңғырту міндет етіп жүктелген болатын. Белгіленген басымдықтардың қатарында Банктер туралы заңды жыл соңына дейін қабылдау міндеті бар, — деді Мәулен Әшімбаев Сенаттың жалпы отырысында.
Сонымен қатар, Сенат төрағасы Мемлекет басшысы тұрғын үй шаруашылығы мен құрылыс саласындағы басымдықтарды белгілеп бергенін атап өтті. Бұл саланың тұрақты дамуына берік заңнамалық негіз қалайтын жаңа Құрылыс кодексін де жыл соңына дейін қабылдау қажет.
— Жалпы, Жолдауда жүктелген міндеттер мен мақсаттарды іске асыру үшін тиісті заңнамалық актілер әзірленіп, қабылданады. Палата олардың уақтылы қаралуын және мақұлдануын қамтамасыз ететін болады. Биылғы Жолдаудың негізгі ерекшеліктерінің бірі — Мемлекет басшысының парламенттік реформа жүргізу туралы ұсынысы екені белгілі. Бұл бастама болашақта бір палаталы Парламентке көшуді көздейді. Парламенттік реформа — Президентіміздің Әділетті және Қуатты Қазақстан құру жолындағы байыпты бағдарының логикалық жалғасы екені сөзсіз. Бұл мақсатқа жету үшін демократиялық институттар мен тетіктерді күшейту қажет екені анық. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мұндай маңызды өзгерістер тек ашық әрі жан-жақты қоғамдық талқылау негізінде іске асырылатынын айтты. Ал, қорытынды шешім халықтың пікірін ескере отырып, жалпыұлттық референдум арқылы қабылданбақ. Жалпы, Президентіміздің биылғы Жолдауын Қазақстанды жаңғыртудың жаңа замандағы кешенді жол картасы деп қабылдаймыз, — деді Мәулен Әшімбаев.
Айта кетейік, 8 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады.