Парламенттік реформа: Астанада жұмыс тобының бесінші отырысы өтеді
АСТАНА. KAZINFORM — 15 қаңтарда Қазақстан Республикасы Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Кариннің төрағалығымен Парламенттік реформа мәселелері жөніндегі Жұмыс тобының кезекті, бесінші отырысы өтеді, деп хабарлайды «Парламентаризм институты» ШЖҚ РМК баспасөз қызметі.
— Отырыс барысында Парламенттің кадрлық мәселелерге қатысты өкілеттіктері талқыланатын болады, — делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, Жұмыс тобының алдыңғы отырыстарында болашақ бірпалаталы Парламенттің атауы мен өкілеттіктері, депутаттарға қойылатын біліктілік талаптары, оларды сайлау тәртібі, квоталау мәселелері, сондай-ақ жаңа бірпалаталы заң шығару органының заң шығару қызметінің негізгі қырлары қамтылған бірқатар өзекті тақырыптар қаралған болатын.
Сондай-ақ жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қаринмен және Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаевпен жұмыс кеңесін өткізді.