Парламенттік тергеу тетігін дамыту қажет - Айдарбек Қожаназаров

Фото: Фото: Дамир Ерубаев

АСТАНА. KAZINFORM – Былтыр наурызда Мәжіліс депутаттарын сайлау науқанына елімізде ресми тіркелген 7 партияның барлығы қатысты. Олардың ішінде тек «Байтақ» партиясы ғана шекті 5 пайыздық межеден аса алмады. Ал Amanat партиясы сайлаушылардың – 53,90, «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясы – 10,90, Respublica партиясы – 8,59, «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы – 8,41, Қазақстан халық партиясы – 6,8, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы – 5,20 пайыз дауысын жинады. 5 және одан да көп пайыз дауыс жинаған саяси партиялардың арасында Respublica партиясына Мәжілісте 6 мандат бұйырды. Осы орайда, «Jibek Joly» телеарнасының «Уәде» бағдарламасында сұхбат берген Respublika партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров партияның негізгі басымдығы жөнінде айтып, партияда неліктен бірнеше тең төраға бар екенін түсіндірді.

Фото: Дамир Ерубаев

Партия ұстанымы – бизнес арқылы елдің дәулетін асыру

«Біз тек бизнес пен капиталды ойлайтын партия емеспіз, яғни әлеуметтік жауапкершілігі жоғары бизнесті қолдауға назар аударып отырмыз. Біздің ұстанымға тоқталсақ, ақшаны құр таратудан ешқандай нәтиже болмайды. Біздіңше, «балықты таратуды емес, балық аулауды үйрету» маңызды саналады. Екіншіден, бизнесті, кәсіпкерлікті дамыту керек. Атап айтқанда, шағын және орта, ірі кәсіпкерліктің нығаюына мән беру қажет. Бұл ретте, салық төлемдері арқылы әлеуметтік мәселелерді шешу керек», - деді А. Қожаназаров.

Сонымен қатар ол партия өкілдері неліктен әлеуметтік мәселелерді жиі көтеріп жатқанын түсіндірді.

«32 бастамамыз бар. Оның 18-і бизнеске, ал қалған 14-і әлеуметтік салаға қатысты. Неліктен? Себебі, адами капитал деген ұғым бар. Мәселен, адами капиталды кәсіпкерлер пайдаланады. Сондықтан кәсіпкерлердің проблемасын әрі әлеуметтік мәселелерді шешуге ерекше назар аударып отырмыз. Өйткені, осы жұмыстар артқылы халықтың әл-ауқатын көтеруге болады», - деді партия төрағасы.

Фото: Дамир Ерубаев

Партиядағы тең төрағалар

Айдарбек Қожаназаров Respublika құрамында неліктен 8 тең төраға бар екенін, осы адамдар партияға қалай тартылғанын түсіндірді. Атап айтсақ, тең төрағалардың қатарында Бейбіт Әлібеков, Максим Барышев, Руслан Берденов, Нұрлан Қоянбаев, Сырымбек Тау, Қуаныш Шонбай, Динара Шүкіжанова бар. Айтпақшы, жақында Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Д. Шүкіжанованың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды. Ол енді Respublica партиясының тең төрағасы болып қала беретінін және өңірдегі өндіріске оралатынын жариялады.

«Партияға жұмылдыратын адамдардың ұзын тізімі болды. Бастапқыда 8 адамнан да көп еді. Былтыр Сырымбек екеуміз ұзақ талқылап, белсенді азаматтар жайында пікір алмастық. Өте белсенді Динара Шүкіжанованы шақыру туралы айтты. Сонымен қатар, Бейбіт Әлібековпен сөйлесу туралы ұсыныс болды. Өз кезегінде Бейбіт біздің қатарға қуана қосылды», - деді А. Қожаназаров.

Мұнымен қоса ол қоғамдағы «тең төрағалары көп партия нәтиже бермейді» деген пікірге де жауап берді. «Тең төрағалардың арасында шиеленіс жиі болуы мүмкін» деген пайымға қатысты ойын айтты.

«Мен бұл пікірлермен келіспеймін. Егер осындай күмән болса, қазір онда партияда не істеп жүрмін?! Партия съезінің бірінші күнінен бастап осы құрылымды бекіттік. Біз Жаңа Қазақстанды құрып жатырмыз, оның басты қағидасы – демократиялық тұрғыда шешім қабылдау. Менің ойымша, тең төрағалық – демократиялық қағиданы сақтауға мүмкіндік беретін құрылым. Тең төрағалар арасында шиеленіс болуы мүмкін деген түрлі қауесет бар. Дегенмен, біздің құрылымдық ерекшелігіміз басқа партияларға қарағанда өзіндік артықшылығымен көрініп тұр», - деді депутат.

Парламенттік тергеу керек екеніне сенемін

Партияның сайлауалды бағдарламасында Respublika қоғамдық және мемлекеттік қауіпсіздікке нақты немесе ықтимал қауіп төндіретін оқиғалар мен процестерге парламенттік тергеу жүргізуді талап ететіні жазылған. Айдарбек Қожаназаров бұл тақырыпты бірнеше пікір алмасу алаңында көтергенін алға тартты. Сонымен қатар ол парламенттік тергеуді бастау тұрғысында қандай да бір кедергілер болуы мүмкін екенін айтты.

«Менің ойымша, бұл тұрғыда кейбір депутаттар қолдамауы мүмкін. Бізде билік партиясы бар. Осы ретте, билік партиясы таңдаған министрлер қазір қызмет етіп жүргенін білесіздер. Егер билік партиясына мүше емес депутат бір министрліктің немесе басқа да бір саланың ішінен зерттеуін бастаса, бұл өз кезегінде билік партиясына әсер ететіні түсінікті. Жеке өз басым парламенттік тергеу қажет екеніне сенемін. Біріншіден, бұл қадам депутаттарға шынымен де әсер ететін құрал береді. Шынымен де, ықпалды Парламенттің көрсеткіші болар еді. Біріншіден, біздің жұмысымыз – дұрыс заңдарды қабылдау, дұрыс заң жобаларын ұсыну әрі талап ету. Меніңше, сонымен қатар депутаттар халықтың арасында жүріп, елдің ішінде болып жатқан мәселелерді көтеріп, қажет жағдайда тергеу бастап, оның нәтижесін барша халыққа жариялауы керек», - дейді депутат.

Осы тұста жүргізуші: «Барлық министрлік пен әкімдерді парламенттік тергеу уақыты келді деп санайсыз ба?» - деп сұрады.

«Жалпылама түсініктерге өз басым қарсымын. Барлық әкім немесе министрлер деп айтуға болмайды. Бірақ кейінгі 8 айда кейбір жағдайда Үкіметтің жұмысына тергеу тетігінің болмағанына қарным ашты, яғни ондай жағдайлар болды. Өтірік алдаған кездерде ызаға булығасың. Мәселен, былтыр шегіртке шаруаларды әбігерге салды. Бұл мәселені (жаз айларында) әлеуметтік парақшамда көтердім. Сол кезде Ауыл шаруашылығы министрі болған адам бұқаралық ақпарат құралдары арқылы «шегіртке жоқ» деген мәлімдеме жасады. Осыдан кейін бұл оқиға болған дәл сол ауданға бардым. Нақты жергілікті жердегі жағдайды видеоға түсірдім. Дегенмен, министрлік осыны мойындамады. Егер депутаттық тергеудің тетіктері болса, оқиға болған жерге сарапшыларды шақырып, зерттеу жасап, кінәлілерді жазаға тартуға болатын еді», - деді А. Қожаназаров.

Мұнымен қоса депутат киік мәселесіне, Жамбыл облысында фермерлердің су тапшылығына тап болуы проблемаларына тоқталды.

Квазимемлекеттік секторда парламенттік бақылау бар

Айдарбек Қожаназаров Respublika партиясының сайлауалды бағдарламасында квазимемлекеттік сектор қызметіне парламенттік бақылауды жүзеге асыру бар екенін еске салды. Оның пайымынша, осындай бақылау жасау аса қиын болмайды.

«Қазірдің өзінде квазимемлекеттік сектор қызметін бақылауға алып жатырмыз. Әр ұлттық компанияның, квазимемлекеттік сектордағы компаниялардың бюджеттері бар. Олар жылына бірнеше рет бізге өздерінің бюджеттерімен келеді. Біз олардың көрсеткіштерін қарап, депутат ретінде бекітеміз. Олардың жұмысында тиімді емес көрсеткіштерді байқасақ, бюджетін бекітпейміз, керісінше қысқартамыз», - деді депутат.

Фото: Дамир Ерубаев

Үкіметті ауыстыру керек деп айтуға ерте

«Уәде» бағдарламасында А. Қожаназаровқа «Қазіргі Үкімет жұмысына Respublika партиясының көңілі тола ма?» деген сұрақ қойылды. Бұл ретте, депутат бұл сұрақ өте күрделі екенін айтты.

«Неге десеңіз, 8 айда біраз министр ауысып кетті. Қызметіне 2-3 ай бұрын ғана кіріскен адамға қандай сын айтасың?! Олардың сөзіне қарасаң, айтқан уәжі дұрыс сияқты. Оларға дейін жұмыс істегендері де дұрыс бастама жасаған еді. Бұл тұрғыда тек нәтижеге назар аударуымыз керек. Үкіметке көңілім толмайды деп айтуға болады. Атап айтқанда, кейбір министрліктердің, соның ішінде кейінгі 2-3 айдан бергі Ауыл шаруашылығы министрлігінің жұмысына көңілім толады. Дегенмен, Үкіметті ауыстыру керек немесе керек емес деп айтуға әлі ерте деп санаймын. Менің ойымша, жаңадан тағайындалған министрлерге мүмкіндік беру керек», - деді Respublika партиясының төрағасы.