Парникті газ шығарындыларын реттеу саласында бірқатар проблема туындауда - М.Қожықов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Парникті газ шығарындыларын реттеу саласында бірқатар проблема туындауда. Бұл туралы бүгін «Парникті газ шығарындыларына берілетін квоталармен сауда-саттық жүйесінің тәжірибелік қолданылуы» тақырыбында өтіп жатқан 2-ші Халықаралық Carbon-KZ форумында «Қазақстан верификаторлары қауымдастығы» ҚБ төрағасы М.Қожықов айтты.

«Парникті газдар шығарындыларын бақылау және квоталарды саудалаудың ұлттық нарықтық механизмін құру Қазақстанның жасыл экономикаға көшуінің маңызды құрамдас бөлігі саналатындығы сөзсіз. Бүгінгі таңда республикада парникті газдар шығарындыларын реттеу саласында зор жұмыстар атқарылды. Дегенмен бұған дейін атқарылған жұмыстар көлемі ұлттық үлестеу жүйесіндегі әлсіз тұстарды көрсетіп берді. Бұл аталған жүйені одан ары қалыптастыру және дамыту қажеттігін көрсетеді», - деді қоғамдық бірлестік басшысы.

Мәселен, оның атап өтуінше, бүгінгі таңда көмірсутектерді реттеу механизмдерін нормативтік реттеу саласында бірқатар проблема туындап отыр. Бұл Қазақстан Республикасының қолданыстағы Экологиялық кодексінің нормаларындағы бірқатар олқылықтарға байланысты орын алып отырған жайттар.

«Атап айтқанда, олар: парникті газдар шығарындыларын есептеудің нақты әдістемесінің болмауы, парникті газдар бойынша есеп әзірлеудің біржақты ережесінің жоқтығы және жаңадан кеңейтілген қондырғыларға квоталарды қайта қарау механизмінің жетілдірілмеуі», - деді М.Қожықов.