Жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгеріс енгізу туралы» ҚР Заңы қабылданған болатын.
Заңда қарастырылған өзгерістер негізінен парниктік газдар шығарындыларына белгіленген квоталар көлемінен асып кеткені үшін әкімшілік жауаптылықты ауыстыруға бағытталады. Бұл негізінен айыппұл мөлшерін азайту мен жауаптылықтың басталу мерзімін өзгертуді көздейді.
«Қазақстан парниктік газдар шығарындылары үшін квота саудалары жүйесі арқылы экономикалық және нарықтық реттеуді жүзеге асырып келеді. Бұл ретте ұлттық заңнамамызға сәйкес, жобаларды іске асыру нәтижесінде алынған көміртегі бірліктерімен өтелмеген, белгіленген көлемнен асатын квотаның әрбір бірлігі үшін 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу көзделген. Ал табиғатты пайдаланушы квотаны сатуға және инвестиция тартуға құқылы. Осы ретте 2013 жылы енгізілген айыппұл салуларды ертерек деп санаймыз. Өйткені, қазақстандық кәсіпорындар квотаны саудалауға дайын емес болып шықты», - дейді Қоршаған орта және су ресурстары министрі Нұрлан Қаппаров.
Осыған орай, Қазақстанның үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында парниктік газдар шығарындыларына квотадан асып түскені үшін айыппұл мөлшерін 10 айлық есептік көрсеткіштен 5 АЕК-ке дейін төмендету ұсынылады.
«Бұл шамамен 37 еуроны құрайды. Біз квотамен белгіленген көлемнен асып кеткен әрбір тонна үшін белгіленген айыппұлдың осы мөлшерін оңтайлы санаймыз», - дейді Н. Қаппаров.