Парсы шығанағының алты елі Сириядағы елшілерін қайтарып алуда

АСТАНА. 7 ақпан. ҚазАқпарат - Парсы шығанағының алты елі - Бахрейн, Кувейт, Оман, Катар, Сауд Арабиясы және Біріккен Араб Әмірліктері Сириядан өз елшілерін кері қайтарып алуда.

 Бұл туралы осы елдер кіретін Парсы шығанағы араб мемлекеттері ынтымақтастығы кеңесінің мәлімдемесінде айтылған, деп хабарлайды Reuters.

Кешегі күннен бастап араб республикасынан АҚШ, Ұлыбритания, Франция және Италия елшілері кетті.

Құжатта атап өтілгендей, бұл шешімге сириялық басшылықтың елдегі дағдарысты еңсеру мен қантөгістің жолын кесу жөніндегі Кеңес көмегінен бас тартуы себеп болды. «Кеңес мүше-елдері сирия халқына қатысты зомбылықтың өршуіне жауап ретінде батыл шешімдерді қолға алуды қажет деп санайды. Дағдарыс басталғаннан бері бір жыл өтсе де, жағдайды тұрақтандыруға бұрынғыша үміт жоқ», - делінген мәлімдемеде.

11 ақпанда Кеңестің мүше елдерінің сыртқы істер министрлері Сириядағы жағдайды талқылау үшін Эр-Риядта (Сауд Арабиясы) кездесу өткізбек.