***
Елімізде әрбір сайлау сайын саяси партиялардың электорат дауысы үшін күресі күшейіп келе жатқандай. Соңғы кезде қазақстандықтардың сайлау науқандарына деген көзқарасы да өзгере бастаған сыңайлы. Әлемде орын алған өзгерістерді басшылыққа ала отырып, «Егемен Қазақстан» газеті еліміздегі саяси жағдай туралы көзқарас, ұстанымын білмек мақсатында талдамалық консалтингтік үкіметтік емес ұйым - «Тәуекелдерді бағалау топтарының» директоры, саяси ғылымдар кандидаты Досым Сәтбаевқа бірқатар сұрақ қойған. Басылымның барлық сауалдарына тұщымды жауап берген ол: «Партияларды билік пен қоғамды байланыстыруға тиіс көпір десек, олар сондай-ақ азаматтық қоғам құрудың маңызды тетіктерінің бірі болып табылады. Бірақ, өкініштісі сол, Қазақстандағы көптеген саяси партиялар айтарлықтай электоралдық қолдауы жоқ қолдан жасалған құрылымдар. Олар көбінесе партиядан гөрі мүдделер жөніндегі клубты еске салады», - дейді. Сұхбаттың толық нұсқасын «Партияларда идеологиялық бәсеке жоқ. Неге?» деген тақырыптан оқи аласыздар.
«Бұрнағы күні елімізге жұмыс сапарымен келген Қырғызстан Премьер-министрі Өмірбек Бабанов кеше Үкімет үйінде БАҚ өкілдерімен брифинг өткізді. Қазақстан тарапымен келіссөздер табысты болғанына тоқталған ол, кездесулерде көтерілген мәселелердің Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауына ие болғанын айта келе, Қырғызстан мигранттарын Қазақстанда қайта тіркеу мерзімінің ұзартылғанын жеткізді», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санындағы «Ағайынмен арақатынас арта түсетін болады» деген тақырыптағы мақаласында. Сонымен қатар Қырғызстанның Үкімет басшысы: «Қазақстан Президенті біздің елдің оңтүстік өңірін қолдау мақсатында Ош қаласында қазіргі заманғы 1 мектеп салу туралы шешім қабылдады. Біздің тарапымыздан жер телімі бөлініп, инфрақұрылым жасақталатын болады», - дейді.
***
«Алаш айнасы» газетінің жазуынша, жұмысқа кіріскен бір топ мәжілісменнің атқарушы биліктен сапалы заң жобасын әуел бастан-ақ талап ете бастағаны белгілі. Оның ішінде мемлекеттік тіл мәтініне баса назар аудару қажеттігін айтып, осыны ұдайы қаперге ұстауды ескерткендер де болған. Олардан әсіресе халықаралық құжаттардағы қазақ тілінің мәртебесіне немқұрайлы қарамау керектігі сұралған. «Алайда заң жобалау жұмысындағы орысша оратын әдетті айта-айта жойылар дегенімізбен, ауру болып дендеген бұл әдет еш қалмайтынға ұқсайды. Кеше Мәжілісте осы мәселе төменгі палатаның тағы алдынан шықты», - деп жазады басылым. Мақала «Мемлекеттік тілдегі мәтін неге мандымайды?» деген тақырыппен берілген.
Осы басылымның тұрақты «Дат!» айдарында ҚР Бас офтальмологі, Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры, медицина ғылымының докторы Тұрсынгүл Ботабековамен арадағы сұхбат «Біз әлі де болса көз ауруларына қара көзілдіріктің арғы жағынан қарап отырмыз» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына тұщымды жауап берген ғалым: «Қалай десек те, көз ауруына немқұрайлы қарауға болмайды. Жүрекке баса мән беретіндей, көзге де баса назар аудару қажет. Ең сорақысы, көз ауруына көңіл бөлмегендігіміз соншалық - қазір жасөспірімдер тұрмақ, елімізде жаңа туылған нәрестелердің өзі соқыр болып туылып жатыр. Бұрын мұндай ауру түрі Қазақстанда өте сирек кездессе, қазір жылдан-жылға артып барады», - дейді.
***
«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Әбсаттар қажы Дербісәліні қабылдады», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Басылымның атап өтуінше, Бас мүфти Президентті Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жұмысы туралы хабардар етті. Кездесу барысында елдегі жалпы діни жағдай мен конфессияаралық және этносаралық келісімді одан әрі тереңдету мәселелері талқыланды. Сонымен қатар Ә.Дербісәлі 11 жыл ішінде Қазақстанда өз мамандарымызды даярлау қолға алынғанын атап өтті. Осы уақыт аралығында 960 имам дайындалды, 9 медресе ашылды, ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді, кітаптар шығарылды.