Пашинян Әзербайжанмен ілгерілеуді тарихи кезең деп атады

АСТАНА. KAZINFORM — Армения мен Әзербайжан премьер-министрлері орынбасарларының өзара сапарлары тарихи оқиға болып саналады. Бұл туралы Армения премьер-министрі Никол Пашинян Әзербайжан премьер-министрінің орынбасары Шахин Мустафаевтың Арменияға сапарына қатысты пікір білдіре отырып айтты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі Armenpress-ке сілтеме жасап.

Фото: Арменпресс

— Өте маңызды оқиға болды. Мен екі елдің премьер-министр орынбасарларының сапарларын бейбітшілік үдерісінің институционалдық логикасы аясындағы тарихи кезең деп бағалаймын. Осы межеге жеткенімізге өте қуаныштымын, — деді Пашинян.

Оның айтуынша, Армения мен Әзербайжан арасындағы қатынастар үнемі жақсарып, бейбітшілік біртіндеп нығая түсуі керек.

— Қалыпты қарым-қатынас орнату қажет, ұзақ мерзімді әрі стратегиялық тұрғыдан тату көршілік қатынастарға қол жеткізу маңызды, — деп атап өтті премьер-министр.

2026 жылғы 9 сәуірде Армения премьер-министрінің орынбасары Мгер Григорян мен Әзербайжан премьер-министрінің орынбасары Шахин Мустафаевтың тең төрағалығымен екі ел арасындағы шекараны демаркациялау жөніндегі комиссиялардың 13-отырысы өтті. Бұған дейінгі осындай отырыс та Әзербайжанда өткен болатын.

Еске сала кетейік, Армения көршілес елдермен шекараны делимитациялау жұмыстарын аяқтауды жоспарлап отыр.