Пашинян Тоқаевты Құрылтай сайлауымен құттықтады

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы Армения Премьер-министрі Никол Пашинянмен телефон арқылы сөйлесті. Бұл туралы Ақорда мәлім етті.

Фото: Kazinform

— Армения Премьер-министрі Никол Пашинян Қасым-Жомарт Тоқаевты бір палаталы Құрылтай сайлауының табысты өтуімен құттықтап, аталған оқиғаның Қазақстан үшін тарихи маңызы зор екенін атап өтті. Президент Премьер-министрге жылы лебізі және халықаралық байқаушылар миссиясы құрамында Армения өкілдерінің сайлауға белсене қатысқаны үшін ризашылығын білдірді, — делінген хабарламада.

Әңгімелесу барысында бірлескен сауда-экономикалық және инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға баса назар аударылып, екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен даму перспективасы талқыланды.

Айта кетейік, бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай сайлауына құттықтау жолдаған шетелдік көшбасшыларға алғыс айтқан болатын.