Оның айтуынша, жылжымайтын мүлік пен көлік сатып аларда төлем жасамас бұрын құжатты тексеріп, сатушының уәдесін ресми құжатта бекітіп алу қажет. Тек ауызша келісімге сеніп қалуға болмайды. Жылжымайтын мүлік пен көлік алуға қомақты қаражат кететіндіктен, құжатты рәсімдеу кезіндегі аз ғана қателіктің өзі едәуір шығынға алып келуі мүмкін.
- Адамға жоспарда көрсетілген пәтерден шартта жазылған оның сипаттамасы басқа болуы мүмкін. Сондықтан тек сатушының сөзіне немесе жарнамалық материалдарға сүйенуге болмайды, мәліметтерді құжаттармен салыстыру қажет. Сатушының барлық маңызды уәделері шартта жазбаша түрде көрсетілуі тиіс. Егер олар құжатта болмаса, кейін өз құқығыңызды дәлелдеу сізге қиынға түседі, – деді Василий Романовский.
Сарапшы пәтер сатып алған кезде меншік құқығын растайтын құжатты, нысанның алаңы мен жоспарын, кепілдің, тыйым салудың, қамауға алу мен сатуға қойылған басқа да шектеудің бар-жоғын тексеріп алу қажет екенін айтты.
Оның сөзінше, пәтердің барлық маңызды сипаттамасы - мекенжайы, алаңы, құны, тұрғын үйдің жағдайы, оны беру мерзімі, сондай-ақ жылжымайтын мүлікті жаңа меншік иесіне бергенге дейін пайда болған берешекті өтеу бойынша сатушының міндеттемесі тікелей шартта көрсетілуі тиіс.
Ол құрылысы әлі аяқталмаған тұрғын үй кешенінен пәтер аларда ерекше сақ болуға шақырды. Мұнда құрылыстың кешігуі немесе тоқтап қалуы, құрылыс компаниясының банкротқа ұшырауы, сондай-ақ пәтердің алаңы, әрлеуі мен басқа тұстарының өзгеруі сынды қауіп бар.
- Егер пәтер сатып алынғаннан кейін мәселе анықталса, алдымен оны растайтын құжаттарды жинауға және оларға ауыртпалықтар туралы мәліметтер, берешек туралы ақпарат, есептегіш көрсеткіштері, тұрғын үйдің қабылдап алған кездегі жағдайын растайтын құжаттар мен басқа да дәлелдер жатады. Осыдан кейін сатушыға бұзушылықты жою, берешекті өтеу, келтірілген шығынды өтеу немесе шартты бұзу сияқты нақты талап көрсетілген жазбаша наразылық жолданады. Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы Заңның 42-4-бабына сәйкес, сатушы талаппен келіспеген жағдайда 10 күнтізбелік күн ішінде дәлелді жазбаша жауап беруі тиіс, - деді ол.
Автокөлік бойынша мәміле
Көлікті автосалоннан сатып аларда да бірнеше жайтқа назар аудару қажет. Қабылдау-тапсыру актісіне қол қоймас бұрын сатып алушы VIN-нөмірін, көліктің қаңқасын, жүрісін, ішкі жиынтықталуын, құжаттары мен сыртқы зақымдардың бар-жоғын салыстырып тексеруі керек. Егер ақау табылып жатса, оларды актіде жазбаша түрде тіркеу керек.
- Сатып алынған көліктер өндірістік ақау анықталған жағдайда дилерге ауызша жүгінумен шектелуге болмайды. Сатушыға автокөліктің маркасы, VIN-нөмірі, жүріс көрсеткіші, ақаудың анықталған күні, оның сипаттамасы мен сатып алушының нақты талабы көрсетілген жазбаша наразылық жіберу қажет. Шартты, сервистік кітапшаны, диагностика нәтижелерін, фотосуреттер мен сатушымен болған барлық хат алмасуды сақтау қажет. Кейін дау туындаған жағдайда дәл осы құжаттар ақаудың қашан пайда болғанын және дилер сатып алушының өтінішіне қалай әрекет еткенін дәлелдеуге көмектеседі, – деп атап өтті сарапшы.
Автокөлік техникалық күрделі тауар санатына жататындықтан, елеулі ақау болған жағдайда ғана оны ауыстыру немесе ақшаны қайтару мүмкіндігі қарастырылады. Мұндай ақауға: жиі қайталанатын бұзылулар, ұзақ уақыт жөндеуде тұру, автокөлікті пайдалану мүмкіндігінің болмауы және т.б. жатады. Василий Романовскийдің айтуынша, елеулі ақау болған жағдайда заң бойынша ақшаны қайтару үш жұмыс күні ішінде, ал автокөлікті ауыстыру 30 жұмыс күні ішінде жүргізілуі тиіс.
Қолданылған автокөлікті жеке тұлғадан сатып алған жағдайда бөлек ережелер қолданылады. Егер сатушы қарапайым азамат болып, автокөліктерді кәсіпкерлік мақсатта сатумен айналыспаса, «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңның нормалары мұндай мәмілеге қолданылмайды. Сондықтан сатып алушының негізгі қорғанысы – көлікті ақша бермес бұрын мұқият тексеру.
Еске салайық, биыл тұтынушыларға 1,5 млрд теңге қайтарылды.