Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ұсталған Көкшетау қаласының 34 және 25 жастағы екі тұрғыны бұрын да бірнеше рет істі болған. Екеуі де СҚО тумасы, Петропавлға өткен жылдың аяғында пәтерлерді тонау үшін келген. Ойларын іске асыру үшін подъездерге кіріп, үй иелерінің іште бар-жоғын анықтау үшін пәтерлерге қоңырау шалып тексерген. Үйде ешкім болмаған жағдайда есіктің құлпын бұзып кіріп, табылған құнды заттарды қолды еткен. Олар ақша мен алтын бұйымдарды алып кетіп отырған. Алайда ұрланған заттардың арасынан әйелдердің әтірі мен құлаққап та болған.
4 ақпан күні іздеуде жүрген ұрыларды Петропавлдың Сәтбаев көшесіндегі үйлердің бірінің маңынан қалалық полиция басқармасы криминалдық полиция бөлімі бастығының орынбасары Жасұлан Балдиков көріп қалған.
Полиция капитаны әріптестеріне хабарлап, көмек шақырып, өзі қылмыскерлерге жақындап, полиция бөліміне баруды ұсынады. Алайда олар күш қолданып ізін суытпақ болған. Көмекке жеткен полицейлер ұрыларды қолға түсірді.
Кейін екеудің Сәтбаев көшесіндегі үй пәтерлерінің бірін тонағаны анықталды. Олар құны 600 мың теңгеден асатын заттарды ұрлап, қылмыстық әрекеттерін жалғастыру үшін жаңа пәтер іздеген.
«Олардан пәтерден ұрланған құнды заттар тәркіленді. Қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша сот әрқайсысын 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Яғни 34 жастағы қылмыскер есіктерді бұзып, бірнеше пәтерді тонағаны үшін және 25 жастағы жігітті ұрлыққа қатысқаны және билік өкіліне күш көрсеткені үшін соттады», - дейді Петропавл қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасары Әлнұр Ахмедьяров.